#qyzylordatv
Шәкірт тәрбиелеуде өзіндік мектебі қалыптасқан білім саласы ардагерінің есімі жаңғырды. Таң ауылындағы №118 орта мектеп жанынан ұлағатты ұстаз Раушан Қожагелдиева атындағы бастауыш сыныпқа арналған кабинет ашылып, оқушылар мен мұғалімдер арасында логикалық олимпиада ұйымдастырылды.
Бастауыш сынып мұғалімі – әріп пен санды үйретуші ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт-бағдар беруші, оқушының бойындағы қабілеттің көзін ашушы. Жүрегі жылы, көңілі дархан Раушан Жарылқапқызы да ауыл балаларына білім әлеміне жол аша отырып, өз мамандығын ерекше құрмет тұтқан ұстаз ретінде ел есінде қалды.
Өмірі өнегемен өрілген ардақты ұстазды еске алу шарасы тағылымға толы болды. Жиынға қатысушылар Раушан Қожагелдиеваның адал еңбегін, педагогикалық шеберлігін, өз жұмысына деген сүйіспеншілігін тебірене еске алды. Ал заман талабына сай жабдықталған кабинет енді ұлағатты ұстаздың есімімен аталады.
ӘЛИХАН МЕҢЛІБАЕВ, АРДАГЕР ҰСТАЗ /Бұл Раушан өзінің жұмысына адал болды ыждағатты болды еңбексүйгіш болды. Ұзақ жылдар істеді. Кезінде тиісті мектептің басшылығынан аудандық оқу бөлімінің басшылығынан облыстық білім бөлімінің басшыларынан тиісті марапаттарын алды. Соңғы ең үлкен бір наградасы Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері болды. Раушанның балдары қалған ұрпақтары ұйымдасып есте қалдыы\ру үшін мектепте бір сыныпты сол кісінің атына беріп оқыған оқушылары келешек ұрпақ біле жүрсін жүрген жерінде айтсын еңбегін ескерсін деп бір жақсы кабинетті жабдықтап мінекей беріп жатыр.
Білім берудің бастауыш сатысы - тұлғаның даму іргетасы, оқу әрекетін қалыптастыратын жауапты кезең. Сондықтан бұл кабинеттің заманауи құралдармен жабдықталуы - ауыл балаларын сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған қадам.
Ұстаздың есімін ұлықтау мақсатында мектепте алғаш рет бастауыш сынып оқушылары мен бастауыш пән мұғалімдеріне арналған логикалық олимпиада ұйымдастырылды. Бұл - жас буынның ой-өрісін дамытуға бағытталған игі бастама.
ЛӘЙЛӘ ШӨМЕНОВА, №118 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ /Ұлағатты ұстаз РаушанҚожагелдиева атындағы мектептің 4 ші сынып оқушыларымен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған логикалық олимпиада ұйымдастырылып отыр. Раушан Жарылқапқызы Алтынсарин медалінің иегері. Қазіргі күні дүниеден өткенімен ұрпақтары бауырлары бірлесіп апайдың атын шығару мақсатында мектеп ұжымының қолдауымен осы олимпиаданы биылғы жылы басталып жатыр. Алдағы оқу жылдарында дәстүрлі олимпиада етіп әрі қарай жалғастырып өткізбекшіміз. Жалпы а\олимпиадаға қатысқан ауданымыз бойынша 20 мектептің оқушылары және 20мектептің мұғалімдері қаьысып отыр.
МҰХТАР МИРАМБЕКҰЛЫ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
Мен 201 ші мектептен келдім Раушан Қожагелдиева атындағы логика есебіне қатыстым. Осыдан бірінші орын алдым. Жалпы бұл байқау 4 кезеңнен тұрады. Мен содан жаңылыспай өз біліміммен 1 ші орынды алдым.
Шәкірт жүрегінде сақталған ұстаз бейнесі - уақыт өткен сайын қадірі кемімейтін рухани құндылық. Мұндай шаралар арқылы өнегелі ұстаздардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.