#qyzylordatv
Қалалық мәслихат депутаттары бірқатар нысандарды аралап, «Халық қатысатын бюджет» жобасының іске асырылу барысын бақылады. Сондай-ақ коммуналдық мекемелердің қысқы маусымға дайындығымен танысты.
«Евразия» спорт кешені аумағындағы спорт алаңына 11 миллион теңгеден астам қаржыға ағымдағы жөндеу жүргізілген. Бұл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асып отыр. Депутаттар жөндеу жұмыстарын көрді. Жалпы биыл жоба аясында 344 миллион теңге қаралған. Осы тұста мәслихат төрағасы халық қатысатын бюджетті тиімді пайдалану үшін сайлаушылардың ұсынысы қамтылуы қажеттігін жеткізді. Мұнан соң Оңтүстік жылу қазандығының жұмысымен танысты. Нысан 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үйді 70-ке тарта әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
Депутаттар бұл тақырыптарды қалалық мәслихаттың коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында талқылады.
Қалада жылу желілерінің жалпы ұзындығы 217 шақырымды құрайды. Ққала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 1645 нысан қосылған. Биыл жылу желілерін жаңғырту бойынша 8,7 шақырымды құрайтын 6 жоба жүзеге асырылды. Мұнан бөлек, кәсіпорын қаражаты есебінен кварталаралық жылу желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 42,3 пайыздан 40 пайызға төмендейді.
Комиссия отырысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.