Жаңа Конституция тұғырға қонды. Осыған орай облыс орталығында салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы іс-шарада елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заңдылық пен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарды «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, облыстың «Құрмет» грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент бүкіл халық атынан жаңа Ата заңға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Осы ретте айта кету керек, аймақ тұрғындары референдумға белсенді қатысты. Республика бойынша Қызылорда облысы 93,04 пайызбен көш бастады. Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Ата заңның қабылдануымен құттықтап, саяси науқанда белсенділік танытқан өңір жұртшылығына алғысын айтты.
Жиын барысында Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Бұл қатарда ел басқару ісінде табанды еңбек етіп жүрген жандар мен түрлі саланың өкілдері бар. Солардың бірі – облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов. Ол саяси науқанда өзіне артылған қызметті абыроймен атқарып келеді.
Қыз-келіншектердің қоғамда алар орны ерек. Сан салада олардың да еңбегі бар. Арулар ақыл-парасатымен, білім-білігімен елдің дамуына айрықша үлес қосып келеді. Аймақ басшысы нәзік жандардың еңбегін ескерусіз қалдырмады.
Ертеңгі күннің еншісі бүгінгі еткен еңбек һәм төгілген термен өлшенеді. Сондықтан әр саланың қызметкерлеріне көрсетілген құрметтің де салмақты жүгі бар. Салтанатты шара «Томирис» би ансамблінің, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің және аймақ өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен қорытындыланды.