Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс орталығындағы көркемсурет галереясында ерекше көрме ұйымдастырылды. «Оян» атты шығармашылық топтамада жас суретші Дәулетбек Тойшыбаевтың жаңа бағыттағы туындылары қойылған. Аталмыш көрме несімен ерекше?

Техника түрленген дәуірде шығармашылық құбылыстар да құбылды. Соның ішінде бейнелеу өнерінің бейімділігі бөлек. Қазір кенеп бетіне майлы бояумен сурет салып көпшілікті таңғалдыру қиын. Дәулетбек Ділдәбекұлы осыны ескеріп салаға жаңашылдық әкелген суретші. Осыған дейін кілемше бетіне арулар ажарын айнытпай салып, талайды тамсандырған. Ал бұл жолғысы тіптен таңғажайып.

Яғни бұл соққылы нүктелік гравюра әдісімен салынған сурет. Дәулет жаңа кескіндеме өнерін Қазақстанға алғаш әкеліп отыр. Бұл техникада бейне шыны бетіне балға көмегімен түсірілетіндіктен аса ыждағаттылық қажет. Бір қиыс әрекет бүтін дүниені бүлдіруі мүмкін. Сондықтан майдан қыл суырғандай бұл кескіндеме жанрына екінің бірі беттей бермейді екен. Көрмеге осы әдіспен салынған 20-ға жуық портрет қойылды. Сондай-ақ, кілемше бетіне салынған келісті дүниелер де бар.

Сыр өңірі сүлейлердің ғана емес, суретшілердің де мекені. Бүгінде аймақта 30-дан астам суретшілер одағының мүшесі бар. Олардың арасында бейнелеу өнерін жаңаша деңгейге көтерген осындай ізденісі мол жастардың жүргені қуантады.