Аймақта қылмыстық құқық бұзушылықтар төмендеген. Десе де, облыстық полиция департаментінің алдында әлі де ділгір мәселе жетерлік. Департамент бастығы Серік Ергешов халықпен кездесіп, атқарылған жұмыстарды баяндады.

Аймақта қылмыстық ахуал тұрақты. Соның ішінде, ауыр және аса ауыр, адам өлтіру, тонау мен пәтер және мал ұрлығы төмендеген. 2025 жылы заңсыз айналымнан 1,5 тонна есірткі тәркіленген. Әйтсе де, жасөспірімдермен жасалатын қылмыстар 2024 жылмен салыстырған өсім алыпты. Сондай-ақ, интернет арқылы жасалған алаяқтық азаяр емес. Ғаламтор арқылы қаржысынан қағылғандар жөнінде қанша айтылса да, құлақ аспайтындар көп. Желіге желімдей жабысқан жұрт соңғы жылдары алаяқтардың қақпанына жиі ілінген, дейді департамент бастығы. Жиында, жол қауіпсіздігі де сөз болды. Жүргізушілердің тәртібі мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 1400 бейнекамера іске қосылған. Енді, жасанды интелект жүйесі енгізілген камералар күдікті, іздеуде жүрген тұлғаларды танып, оны ұстауға көмегін тигізеді.

Есепті жиында Серік Ергешов қылмыспен күрес ортақ міндет екенін еске салды. Сондықтан, аймақ тұрғындарын бұған бей-жай қарамауға шақырды. Кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белсенділік танытқан бірқатар тұрғынды марапаттады. Бұдан әрі, көпшіліктің талап-тілегін тыңдап, сауалдарға жауап берді.