Қызылордада қайта жаңғыртудан өткен Президент паркі пайдалануға берілді. Саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындарымен бірге аталған аумақты аралап, мерекелік іс-шараларды тамашалады. Қайта түлеген Президент паркінің кескін келбеті туралы тілшіміз Дәулет Сағит тарқатып айтады.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ

"Президент паркі – қызылордалықтардың саялайтын ең сүйікті орынның бірі. Аталған аумақ 2007 жылы ашылған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген еді. Осы ескеріліп аймақ басшысының бақылауымен былтыр саябақты қайта жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде саябақ маңы жаңа кейіпке енді. Жайқалған гүлзар өз алдына, жоба аясында саябақ аумағына келісті кеспетас төселіп, жарық шамдар орнатылды. Сондай-ақ, сәнді субұрқақ салынып, балғындардың қуанышын еселей түсті. Бағамдасақ бұл жұмыла атқарған жұмыстың жемісі."

Саябақтың жалпы аумағы – 81,85 гектарды құрайды. Жаңа жобада – тұманды субұрқақ, фудкорт, амфитеатр, скейт парк, памп трек, шахмат пен воркаут алаңдары, тіпті «Холмдар бағы» сынды ерекше кеңістіктер бой көтерген. Сондай-ақ, биіктігі 50 метр болатын айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған. Сонымен қатар, саябақтың 31 гектар аумағына екі мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылып, 50 мыңнан астам сәндік бұта мен 17 түрлі көпжылдық гүл егілген.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын саябақтың ашылуымен құттықтап, өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Мұнан кейін, саябақты сапалы етіп қайта салған «Әлем Құрылыс» компаниясының ұжымына және экологиялық акцияларға белсенді атсалысқан ерікті жастарға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Қайта жаңғырған саябақты аймақ басшысынан бөлек, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен барлық ауданнан келген делегаттар аралап көріп, мерекелік от-шашуды тамашалады

Саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба қолға алынған. Атап айтқанда, 6 гектар жерге 300 орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектарға Ботаникалық білім беру орталығы, 8,2 гектарға тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынуда. Мұнан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық құрылысы қарқын алды. Жақын күндері 5,5 гектар аумақта жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталмақ.