Қызылордалық «Қайсар» футбол командасы премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Бірінші турда дала қасқырлары өз алаңында Астананың «Жеңісін» қабылдап, есеп тең түсті.
«Қайсар Аренада» өткен кездесуге Қостанайдан келген бас төреші Санжар Искаков жетекшілік етті. Ә дегеннен «Жеңістің» ойыншылары қарсылас қақпасына бірнеше рет соққы жасады. Алайда, есепті алаң иелері ашты. Ойынның 45-ші минутында Никола Цуцкичтің айып алаңына асырған пасынан кейін негізгі қорғаушы Әділет Кеңесбек қарсыластың қақпасына дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.
Ал, екінші таймда екі команда да сақ ойнап, қауіпті сәттер сирек болды. Матчтың тағдыры 84-ші минутта шешілді. «Жеңіс» клубының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың соққысынан кейін доп қайсарлық Нияз Ідрісовке тиіп, өз қақпасына автогол соғып алды.
Осылайша, екі команда да Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымын тең нәтижемен бастап, бір-бір ұпайдан иеленді.
Жергілікті команданы қолдауға келген қызылордалық жанкүйерлер дала қасқырларына соңына дейін қолдау білдірді. Айта кетейік, енді дала қасқырлары 16-шы наурыз күні өз алаңында Астана футбол клубын қабылдайды.