Ерен еңбектің өтеуі - лайықты құрмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әйелдер мерекесінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Құрмет төрінен көрінгендердің қатарында Қызылорда телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева да бар. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерін телеарна ұжымы әуежайдан құрметпен қарсы алды.
Журналистика билік пен бұқара арасындағы дәнекер ғана емес, бұл адалдық пен батылдық, табандылық пен біліктілік, ұлтжандылық пен үлкен жауапкершілік. Осындай талап үдесінен шығып, елдік мүддені ту етіп жүрген «Жаңалық» жауынгері, «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева Астанадан ерекше жалынмен оралды. Кеудесінде отыз жылға жуық қажырлы еңбектің қайтарымы –«Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырап тұр.
АЙНҰР ТҰҢҒЫШБАЕВА – «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ, «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ
"Бұл марапат әрине үлкен жауапкершілік және зор мәртебе деп есептеймін. Жалпы, журналистика жәй ғана мамандық емес, бұл билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Бұл халықтың үнін жеткізетін ең маңызды сала. Біз әрдайым шынайылықты, жауапкершілікті ту ете отырып, еліміздің өсіп-өркендеуіне хәл-қадірімізше өзіміздің үлесімізді қосып келе жатырмыз. Осы ретте айта кетерім бұл Президенттен алған марапат күллі Сыр журналистикасына берілген жоғары баға, деп есептеймін."
Астана төріндегі салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, жерлесіміз Жеңіс Ысқақованың да мерейі үстем болып, «Парасат» орденіне ие болды. Арқа төсінде абырой биігінен көрінген мәдениет майталманы туған жерге оралған бойда жерлестерінің қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Астана төрінде болған салтанатты жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдер мен қыз-келіншектерге марапаттар табыстады. Олардың қатарында «Отан», «Еңбек даңқы», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы сияқты марапат түрлерінің иелері бар.