Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 31-ші сессиясы өтті. Күн тәртібінде тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында ұсынылған мәселелер қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу, ауыз судың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекіту, облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту секілді сегіз мәселе көтерілген болатын. Барлық мәселе депутаттар тарапынан егжей-тегжейлі қаралып, сессия қарауына жіберілді. Сессия отырысында тиісті шешімдер қабылданды. Жиында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеуімбетов апаттық жағдайдағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесін көтеріп, жауапты мекеме басшысына өз ұсынысын жеткізді. Ал, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов республикалық референдумда белсенділік танытқан халық қалаулыларына алғысын жеткізді.