Өңір тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтып отырған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Сыр суы» филиалы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы бірлесіп, Наурыз мерекесін тойлады. Ұлыс күніне арналған шарада қазақтың ұлттық өнері ұлықталып, салт-дәстүрден көрініс қойылды.

Наурыз жаңару мен жасарудың, береке мен бірліктің мейрамы. Жердің тоңы жібіп, тіршілік оянатын сәтте су саласының ұжымы мен ардагерлер бас қосып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Мекеме ауласына жүзге жуық көшет отырғызып, айналаны жасыл желекке бөледі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді ұстанған сушылар осылайша тағылымды істің ұйытқысы болды.

Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шарада мекеменің бес жүзге жуық қызметкері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Ақшаңқан киіз үйлер тігіп, қазан көтерді. Әжелер ауылдың алты ауызын айтып, меймандарға қазақтың ұлттық тағамын ұсынды. Баланы бесікке салу, тұсаукесер рәсімін жасап, үлкендерден бата алды. Жан-жануардың аузы көкке, елдің аузы аққа тиетін ұлыс күнінде жиналғандар Наурыз көжеден дәм татты.