#qyzylordatv
Қазалы ауданында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері Әлмәмбет Әлішевті еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнир өтті. Ала доп бәсекесінде 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер бақ сынады.
Әлмәмбет Әлішев Сыр өңірінің рухани-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ол шығармашылыққа, өлең жырға жастайынан жақын болды. Тырнақ алды туындылары мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аудандық «Социалистік жол» газетіне жариялана бастады. Кейін Қазақстан мен Қырғызстанға тарайтын республикалық «Теміржолшы» газетінде әдеби қызметкер, аппараттағы арнаулы тілші, Қазалы аудандық «Ленин туы», «Қазыналы Қазалы» газетінің редакторы болып қызмет етті. Сол уақытта Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апат зардаптарының ақ-қа¬расын ашып жазды. Биік мінбелерде сөз сөйледі. Осындай өрлігі үшін халық оны «Қа-залының айбары» деп атаған.
АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ – АУДАН ӘКІМІ
Ағамыз сонау жас кезінен қолына қалам алып, елдің дамуына ерекше үлес қосты. Аймағымыздың әлеуметтік, мәдени, қоғамдық-саяси дамуына еселі еңбек етті. Партия саласында көп жылдар бойы қызмет жасап, онан кейін елден кетпей, туған жерде қызмет жасаймын деп елде қалып, қаншама ұсыныстардан бас тартып, өзіміздің Қазалы ауданында қызмет жасаймын деп елдің дамуына өзінің қолтаңбасын қалдырған дара тұлғалардың бірі.
Ол журналист қана емес қаламы қарымды, ойы орамды публицист жазушы. «Ат тұяғын тай басар», «Бәйтеректің бұтағы» повестері мен «Иірім» романы, «Ой орамдары» әдеби-философиялық толғаулары осы сөзімізге дәлел. Мұнан бөлек, Әлмәмбет Әлішұлының «Үрмәш Түктібаев», «Батыр болып тумайды» повесі қазақ, орыс және латыш тілдерінде жарық көрген. Ал, көзін көргендер өз ойын ашық айтатын қайсар мінезді қайраткер еді, дейді.
ҚАСҚЫРБАЙ ӘЛІМБАЕВ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
Әлмәмбет ағамызбен қызметтес болдық. Өмір жолымызды бастағанда елге араласып бірге жүрдік. Тікелей сол кісімен бірге жұмыс жасадым. Аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды. Мен сол уақытта хатшы болдым. Әлекеңнің өзінің табандылығы, білімділігі, адалдығы мен қайсар мінезі, адамдармен тіл табыса білетін қабілеті ерекше болатын.
СӘУКЕН ӘЛІШ – Ә.ӘЛІШЕВТІҢ ҰЛЫ
Арал өңіріне экологиялық қасірет апат аймағы болып жариялануына көп үлесін қосты. Таза ауыс суға көп үлесін қосты. Соның бәріне риза боламыз. Соны ескеріп турнир ұйымдастырып жатқан барша қауымға алғыс айтамыз. Балаларды спортқа баулып, бір жағынан спорттық тәрбие, бір жағынан салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында осындай үлкен турнир өткізіп жатыр. ризамыз. Алдағы уақытта турнир облыстық, республикалық деңгейге ұласады деп сеніп жатырмыз.
Әлмәмбет Әлішевті еске алуға арналған турнирге Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарынан 9 команда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, плей-офф кезеңін сарапқа салды. «А» тобында сынға түскен «№17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің» аяқдопшылары алдымен Сексеуіл командасымен кездесіп, 6-да нөл есебімен жеңіске жетті. Екінші ойында «Қазалы спорт клубы» аудандық «Қайсар» командасымен ойнап, 3-те 2 есебімен ұтты.
«Б» тобында да ойындар тартысқа толы болды. «№17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» командасы мықтылығын көрсетті. Алдымен қармақшылық «Жандос» футболшыларын 3-те нөл есебімен жеңсе, мұнан кейінгі ойында «Жеңіс» командасын 6-да нөл есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп бірінші орынға ие болды. Ал, екінші орынды Арал ауданының ойыншылары иеленсе, үздік үштікті «Қазалы спорт клубы» түйіндеді.
Сондай-ақ, бірқатар ойыншы «үздік шабуылшы», «үздік ойыншы», «үздік қақпашы» номинацияларымен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.