#qyzylordatv

Облыс орталығында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті. Тілші бейнематериалында толығырақ.

 Өнер бәйгесіне текті сөзді төрге оздырып, ұлттық құндылықты ұлықтап жүрген жыр жүйріктері қатысты. Байқаудың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ұлттық өнерді ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген мәдениет майталмандарына алғаусыз алғысын жеткізді.

Қорқыт қобызынан басталған жыршылық дәстүр Сыр өңірінде бабадан балаға мирас болып, жарасымды жалғасын тауып келеді. Еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздар «Әділетті заң - әділетті қоғам» тақырыбын жырға арқау етіп, сөз маржанын тереңнен терді.

  Байқау қорытындысы бойынша қазақ өнерінің өрістеуіне үлес қосып жүрген дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали бас жүлдені жеңіп алды. Ал, аузымен құс тістеген арқалы ақын Дидар Қамиев бірінші орынға ие болса, Сыр сүлейлерінің ізбасары Марат Сүгірбай екінші орын алды. Ал, павлодарлық Бөкен Жігер мен Шымкент қаласынан келген өнерпаз Ғабит Шырынбеков үшінші орынды еншіледі.

Жыр жүйріктері осылайша ұлттық руханиятты дәріптеумен қатар қоғамда заң мен тәртіп қағидаларын орнықтыруға, әділетті қоғам құру идеясын кеңінен насихаттауға үлес қосты.