#qyzylordatv

Арал маңындағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы өңірлік экологиялық саммит сессиясында Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

 Алғашқы бағыт – экологиялық факторлардан туындайтын аурулардың алдын алу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен зерттеулер нәтижесінде Арал маңы тұрғындары арасында тыныс алу жолдары, жүрек-қан тамырлары, бүйрек аурулары, репродуктивті денсаулық бұзылыстары мен анемияның жоғары деңгейде екені анықталған. Әсіресе әйелдер мен балалар осал топ саналады. Кейбір аудандарда балалар арасындағы анемия көрсеткіші 62 пайызға дейін жеткен. Осыған байланысты өңірде әйелдер мен балалар денсаулығын қорғау, дұрыс тамақтануды жақсарту және сапалы ауызсуға қолжетімділікті арттыруға бағытталған бағдарламалар іске асырылмақ. Екінші бағыт – медициналық инфрақұрылымды жаңғырту. Шалғай ауылдарда жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер ашылды. Арал ауданында 40 орындық заманауи кардиологиялық және инсульт орталығы пайдалануға берілді. Орталық МРТ және ангиограф аппараттарымен жабдықталған. Үшінші бағыт – кадрлық әлеуетті күшейту. Егер 2024 жылы 165 бос жұмыс орны тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 96-ға дейін төмендеген. Ауылдық жерлерге барған мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы көтермеақы төленеді. Биыл мұндай қолдауға 20 дәрігер ие болды. Сонымен қатар аймақта кардиохирургтер мен эндоваскулярлық мамандар даярлау қарқын алды. Төртінші бағыт – қауіпсіз ауызсу, санитария және ауа сапасын қамтамасыз ету.