#qyzylordatv

Облыс орталығында оқыту процесіндегі мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін бөлісу мақсатында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Жиынға Түркия, Латвия, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірдегі жоғары медицина колледждерінің студенттері қатысып жатыр. Конференцияда білім алушылар заманауи медицина игіліктерін байланыстыратын 4 бағыт бойынша тәжірбие алмасады.

 «Денсаулық сақтау жүйесіндегі жас мамандар: медициналық колледждердің халықаралық диалогтары.» Осындай тақырыпта білім алушылардың басын біріктірген ғылыми-тәжірибелік конференция шымылдығы Өнер орталығында түрілді. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары соңғы жылдары Сыр медицинасындағы серпілісті тілге тиек етіп, кадр даярлау ісіндегі жетістікке тоқталды.

 ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Қазір медицина мекемелерінің жұмыстарын 70 пайызын орта буын қызметкерлері атқарады. Еңбек етіп жүрген мамандардың 90 пайызы Қызылорда медициналық жоғары колледжінің түлектері. Олар біздің аймақта ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде өз кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып жүр. 25 жылдың қортындысы бойынша Қызылорда медициналық жоғары колледж үздік нәтижелерге қол жеткізіп, бірінші орынды иеленді.

Медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Бұл ретте науқастың аяғына тұрып кетуіне жәрдем жасайтын орта буын қызметкерлер сұранысқа сай болуы қажет.

 ГҮЛМИРА АЛМАҒАМБЕТОВА – ҚР ДСМ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ АДАМ РЕСУРСТАРЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Біз осы алаңда жүргізіп отырған халықаралық диолог медицина кадрларын даярлаудағы тәжірибе алмасуға, ең жақсы практикалар мен жаңа тәсілдерге мүмкіндік ашады. Студенттердің ғылыми зерттеу қызметінің маңызды рөліне ерекше назар аударғым келеді. Ғылыми жұмыстарға қатысу, клиникалық ойлау қабілетін қалытпастыруға, талдау дағдыларын, бастамашылдық пен жауапкершілікті дамытуға көмектеседі. Бұл қазіргі заманғы медицина қызметкерінің кәсіби құзыреттілігінің негізін құрайтын қасиеттер. Зерттеулер, ғылыми талқылаулар арқылы студенттер өз білімдерін теңдетіп ғана қоймай, сонымен қатар дәлелдік базаға сүйене отырып, негізгі шешімдер қабылдауға үйренеді.

 Форум Қызылорда жоғары медициналық колледжінің базасында жалғасты. Спикерлер мейіргерлер ісін жетілдіру жайында баяндама жасап, білгендерімен бөлісті. Бұл ретте Қызылорда жоғары медициналық колледжі жаңашылыдықтан кенде емес екенін көрсетті. Оқу ордасында студенттерге сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Әсіресе, өткен оқу жылынан бастап білім алушылар жасанды интелекті бағытында білімін жетілдіруде. Ізденімпаз жастар бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, науқастарға қажетті жаңа жоба ұсынып отыр.

 ЖАНАР ҚАЛМАҚОВА –ҚЫЗЫЛОРДА ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Үлкен кісілер, кей науқастар уақытылы дәрі ішіп тұруы керек. Өз уақытымен. Кейбір науқастар соны ұмытып кетеді. Сондыықтан да біздің студенттер уақытылы дәріні ішу бойынша қосымша дайындады. Және басқа да оқу процесінде қолданатын, өз денсаулығын қалай бағалайтынын студенттер дайындады.

Жиынға Германиядан арнайы келген техника ғылымдарының докторы, агроинженер Матиаз Лоренц қатысты.

 МАТИАЗ ЛОРЕНЦ – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ Қызылорда жоғары медициналық колледжі мені конференцияға арнайылап шақырған соң келдім. Олар медициналық өсімдіктерге фокус қоюы қызықтырды. Себебі, әлемдік тәжірибе көрсеткендей емдік шөптерге қазір сұраныс артуда. Әсіресе, Қызылордада алергиялық аурулардың түрі көп. Ал оның емдеуде өсімдіктерден жасалған препараттар маңызды рөл ойнайды. Себебі, қолданыстағы кәдімгі дәрілер адам ағзазына салмақ салса, табиғи емдік шөптердің кері әсері болмайды.

 Конференция ертең де жалғасады. Студенттер тек құрғақ теориямен шектелмей, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, еріктілер қызметін жүйелеу және студенттік ғылымды ілгерілету мәселелерін талқыға салады. Сондай-ақ, болашақ медбикелер мен фельдшерлер жасанды интеллекттің медицинадағы мүмкіндіктерін, VR-симуляторлармен жұмыс істеу әдістерімен бөлісетін болады.