#qyzylordatv
Анаға тағзым орталығының бастамасымен жүзеге асырылған «Рух керуені» кешенді жобасы қорытындыланды. Аймақтың жеті ауданындағы «Руханият» орталықтарының қызметін жетілдіруді, мекемелер арасындағы ықпалдастықты күшейту, ақпараттық саясатты жүйелеу, кәсіби тәжірибе алмасуды дамыту және ортақ даму бағытын қалыптастыруды мақсат тұтқан жоба үш кезең бойынша ұйымдастырылып, үздік орталықтар арнайы номинациялармен марапатталды.
Рухани ұйымдардың жұмысын жүйелеуге, мамандардың біліктілігін арттыруға және заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған жобаның алғашқы кезеңінде «Руханият» орталықтарының мамандары анаға тағзым орталығында бас қосып, екі күндік оқу-әдістемелік семинар-тренингке қатысты. Семинар барысында стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік желіні жүргізу, заманауи контент өндіру, мәдени жобаларды ұйымдастыру, мобилография және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану бағытында тәжірибелік дәрістер өткізілді.
Жобаның екінші кезеңінде Анаға тағзым орталығының мамандары мен жоба спикерлері «Руханият» орталықтарына арнайы барып, жергілікті мамандарға арналған тәжірибелік оқыту семинарларын ұйымдастырды. Оқыту жұмыстары аясында әр ауданның ерекшеліктері ескеріліп, ақпараттық саясат, аудиториямен жұмыс, әлеуметтік желідегі контент өндірісі, бренд қалыптастыру және мәдени жобаларды ұйымдастыру бойынша нақты ұсынымдар берілді. Нәтижесінде, 200-ден астам маман біліктілігін арттырып, жаңа тәжірибе жинақтады.
Кешенді жобаның нәтижесінде «Руханият» орталықтарының ақпараттық жұмысы жанданып, тұрақты контенттік айдарлар қалыптасты. Бүгінде «Руханият тынысы», «Кітапхана ньюс», «1 минут- 1 кітап», «Сұхбат тайм», «Архив тынысы», «Музей вайб», «Тарихтағы тұлғалар» секілді тұрақты айдарлар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Осылайша, өңірдегі рухани-мәдени кеңістікті дамытуға, аудандық «Руханият» орталықтарының жұмысын жандандыруға және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бастаманың қорытынды кезеңінде жоба нәтижелері сараланып, арнайы номинациялармен марапатталды.
«Рух керуені» жобасы аяқталғанымен, «Анаға тағзым» орталығы тарапынан аудандық орталықтарды әдістемелік сүйемелдеу, тәжірибе алмасу, кеңес беру және ақпараттық қолдау жұмыстары жыл соңына дейін жалғасын таппақ.