#qyzylordatv 

«Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халық тұтынатын үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» номинацияларының жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алды. 

 «Қазақстанның үздік тауары» байқауының мақсаты отандық өндірісті қолдау, сапалы өнім шығаруды ынталандыру және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Конкурстың өңірлік кезеңіне биыл алпыстан астам жергілікті тауар өндіруші қатысқан болатын. Солардың арасынан үш номинация бойынша тоғызы үздік деп танылды. 


«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Достық» жеке кәсіпкерлігі, «Агрохимсервис» және «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы марапатталады. Тамақ өнеркәсібі саласында «Алтын Орда», «Нан өнімдерінің өндірісі» бойынша «Қызылорда нан» және «Сүт өнімдерінің өндірісі» бойынша «РЗА Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына ие болды. Ал, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясына «Сыр жиһазы KZ» серіктестігі, «Нысанбаев Жансерік» және «Найля» жеке кәсіпкерлігі ие болды. 


Өңірде экономиканы әртараптандыру, жоғары сапалы экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Нақты мысал, «Рока Груп» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар зауыты мен «Севен Риверс» компаниясының неміс технологиясы бойынша шыны ыдыстар шығаратын зауытының құрылысы басталды. Мұнан бөлек, аймақта алдағы үш жылда 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. 

Бүгінде облыста 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мұнда 113 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несие мен субсидия беру арқылы бизнес өкілдеріне қолдау көрсетілуде.