Тіл – татулық негізі
#qyzylordatv
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні. Атаулы күнге орай өңірде онкүндік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қыркүйек 2-сі мен 11-і аралығында аймақта түрлі байқаулар, зияткерлік ойындар, форумдар және тақырыптық іс-шаралар өтеді. Басты назар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге аударылып отыр.
Мерекелік іс-шаралар бүкіл аудандар мен елді мекендерді қамтиды. Оқушыларға, жастарға, түрлі этнос өкілдеріне және жергілікті ұйымдардың қызметкерлеріне арналған мазмұнды бағдарлама әзірленген. Оған эссе байқаулары, зияткерлік ойындар мен шығармашылық іс-шаралар енгізілді. Негізгі шаралардың бірі – 4 қыркүйекте Достық үйінде өтетін «Тіл. Бірлік. Болашақ» өңірлік форумы.
Мерекелік күндерге қарамастан, талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу жалғасуда. Биыл 11 мекемеде тіл туралы заңнаманың сақталуы тексерілген. Көрнекі ақпаратты ұсыну және кәсіпорын туралы міндетті деректерді көрсетуге қатысты заң бұзушылықтар үшін алты кәсіпкерге ескерту жасалды.
Басқарма басшысы тіл саясатының тек мерекелік шаралар мен байқаулармен шектелмейтінін атап өтті. Басты мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Білім беру, мәдениет, ғылым, бизнес және қоғамдық саланың барлығында мемлекеттік тілдің мәртебесін айшықтау. Сондықтан бұл жұмыстарды тек науқандық емес, жыл бойы жалғастыру жоспарланып отыр.