Бүгін - ұлттық валюта күні. Төл теңгеміздің айналымға енгеніне 30 жыл толуына орай Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында көрме ұйымдастырылып, салтанатты шарада қаржыгерлерге құрмет көрсетілді.
Осыдан тура отыз жыл бұрын, Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға енді. Ұлттық валюта күні қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен де тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан көпшілік алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ұлттық банк ұжымы бірлесіп дайындаған көрмені тамашалады. Көрмеге түрлі банкноттар мен монеталар қойылған. Қазақ валютасын өмірге әкелген суретшілер қатарында біздің жерлесіміз Ағымсалы Дүзелханов та бар.
Айта кетейік, тәуелсіз елдің алғашқы теңге партиясы 1993 жылы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Және бір қызықты дерек, теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшағы тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынаған. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылған. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай Аронұлы, бес теңгелікте Құрманғазы Сағырбайұлы, он теңгелікте Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте Абай Құнанбайұлы, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды. Ал, 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Айта кететін тағы бір дерек, бүгінде біз қолданып жүрген жаңа үлгідегі банкноттар 2006 жылы 15 қарашада айналымға енгізілді.
Театрдағы салтанатты шарада аймақ басшысы өңір экономикасын дамытуда қаржыгер қауымның еңбегі ерен екенін жеткізді. Қаржы саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен сала қызметкерлерін құттықтап, сый- құрмет көрсетті.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
"Облыстың қаржы қазанында 1993 жылы бар болғаны 135 млн. теңге болса, қаржыгерлердің біліктілігі мен еңбегінің нәтижесінде жыл сайын еселенуде. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд. теңге болса, қазіргі таңда 609 млрд. теңгеге жетті. Биылдың өзінде қосымша 168 млрд. теңге қаржы тартылды. Облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты."
Іс-шарада аймақтың қаржы және экономика салаларында еңбек еткен ардагерлерге облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталса, бірқатар азаматтарға мерекелік медальдар мен ҚР Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің наградалары табысталды. Қаржыгерлер күні жергілікті өнерпаздардың концертімен қорытындыланды.