Соңғы 3 жылда қаланы көркейтіп-көгалдандыру үшін 100 мыңға жуық түрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Алайда егілген көшеттердің біраз бөлігі қурап қалыпты. Жергілікті билік оны экологиялық ахуалдың нашарлығы және топырақтың тұздануымен байланыстырып отыр. Осыған орай Алматы облысынан арнайы мамандарды шақыртып, тәжірибе алмасты.

Аңызақ жел. Аптап ыстық. Қуаңшылық. Қызылорданың климаттық ерекшелігін осы үш-ақ ауыз сөзбен сипаттауға болады. Оның үстіне топырағы тұзды, жері сортаң болғандықтан кез келген ағаштың өсіп-жетіліп кетуі қиын. Мамандардың айтуынша, әбден күтіп баптағанның өзінде егілген әрбір он көшеттің жетеуі ғана өсіп шығады. Ал, биология ғылымының мамандары көшетті отырғызар алдында қоршаған ортаны зерттеп барып, химиялық тыңайтқыштарды пайдалану арқылы егу керек дейді.

НҰРЖАН МҰХАМАДИЕВ – Ж. ЖИЕМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨСІМДІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КАРАНТИН ҒЗИ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

//Қаладағы топырақтың тұзы өте ауыр. Сондықтан ағаштарға химиялық тыңайтқыштарды, препараттарды кеңінен қолдану қажет. Өйткені, қысқы уақытта зиянкестер ағаш астына шоғырланады. Сондықтан дін, тамыр шірігінен иммунитеттерін көтеру үшін жасыл желектерді қорғау керек. Әртүрлі органикалық тыңайтқыштармен қоректендіру керек.//

Ғалымдардың айтуынша, топырақ құрамында натрий элементі басым. Ағаштардың тез жайқалып өсуіне кедергі келтіретін де осы. Сондықтан ауа-райы мен топыраққа төзімді ағаштарды таңдау қажет.

НҰРЖАН МҰХАМАДИЕВ – Ж. ЖИЕМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨСІМДІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КАРАНТИН ҒЗИ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

//Ыстыққа, топыраққа төзімді Айлант, Тораңғыл, Акация мен Жиде ағашын ландшафт дизайнымен байланыстырып отырып, жасылдандыру керек келешекте. Тек екі үш түрмен шектелмей, будандастыру арқылы көру керек секілді.//

Саябақтар мен аллеяларды аралау кезінде мамандар ағаштардың дұрыс кесілмегендігін де сынға алды.

//Қатты төмендетіп кескен дұрыс емес. Қабықтары жарылып жатыр уже. Кессе жөнімен кесу керек. Тақап кесу керек. Бұл қара ағаш емес қой. Көбісі шіриді уже. Ағаш болғанымен бір жақ беті шіріп, бір жақ беті көктесе салмақпен құлауы мүмкін. Өйткені, дініне уже инфекция кіріп кеткен.//

Биыл облыс орталығын жасыл желекке айналдыру үшін жергілікті бюджеттен 585 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, егілген көшеттер мен ағаштарды күтіп-баптау үшін «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.