Байқоңырдағы «Жасыл ел» жасағы маусымдық жұмыстарда белсенділік танытып жүр. Жаз бойы қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосып келеді.Әсіресе, тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысуда. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыссыз жүрген ұл-қыздарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды көздейді. Еңбекке тартылып, табиғатты аялауға жұмылған байқоңырлық жастар бұл жолы бірауыздан «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына үлес қосты. Жұлдызды қалашықтағы демалыс орындары мен саябақтарды тазартты.
ЖАНАР АБДУЛЛАЕВА – ЕРІКТІ «Мен Атырауда оқимын. Байқоңыр қаласының тумасымын. Жазғы демалысымды тиімді өткізу үшін жылда осы «Жасыл ел» маусымдық жұмысын істеймін. Биыл үшінші жыл қатарынан осы Жасыл елге үлес қосып жатырмын. Жасыл ел ол жақсы орта. Біз бұл жерде жаңа достар тауып, пікір алмасып, жазғы каникулымызды тиімді өткіземіз».
ЕРКЕБҰЛАН ЖАЛҒАСБАЕВ – ЕРІКТІ «Мен биыл бірінше рет қатысып жатырмын. Жаңа достар тауып, барлығымыз қаламыздың таза болуына үлес қосып жатырмыз. Бұл жоба бізді еңбекке баулып жатыр».
Аталған жоба аясындағы маусымдық жұмыстарға қала бойынша 150-ден аса жас тартылған. Әр қатысушыға ай сайын 100 мың теңге еңбекақы төленеді. Ал,«Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында - 16 мен 35 жас аралығындағы ерікті жастар. Жалпы , Байқоңыр қаласы еліміздегі ең таза қаланың бірі. Бұл – еңбек тәрбиесінің және туған жерге деген қамқорлықты сөзбен емес, іс жүзінде көрсетудің үлгісі.