Биыл Шиелі ауданында 5 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, аудандық орталық аурухана жанынан қосымша ғимарат пен 30 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталған құрылыс нысандарында болып, аудандағы медициналық мекемелердің жай-күйін көрді. Тақырыпты тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы тарқатады...

Досбол би ауылындағы дәрігерлік амбулатория былтыр пайдалануға берілді. Қазір 1500-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетіп жатыр. Ауысымына 25 келушіге арналған нысанда қажетті ем-дом жүргізуге мүмкіндік бар. Бұған ауыл халқы дән риза.

ХАДИША ІЗТІЛЕУОВА - АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ // Ем-дом беріп, ауылымызға жақын жерден жақсы болды. Күндізгі емімізді алып жатырмыз.

Жалпы, денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы шеңберінде аймақта 27 дәрігерлік амбулатория салу көзделген. Солардың алғашқы легі яғни, 16-сы былтыр ел игілігіне берілді. Қалғаны биылғы жылдың еншісінде. Соның бірі 2500-ға жуық халқы бар Бестам ауылында салынып жатыр.

БАУЫРЖАН БОЛАТБЕКОВ - УЧАСКЕ БАСШЫСЫ //Құрылыс жұмыстары маусымның бірінен басталды. қазіргі таңда 15 жұмысшымыз бар. қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша қазанның 15-іне берілді.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту ісі ауылдармен қатар аудан орталықтарында да қарқын алған. Әсіресе, біздің аймақта. Биыл еліміз бойынша 32 ауданаралық ауруханаға қосымша ғимарат салынса, соның 4-еуі Сыр өңірінде. Қазір Шиелі ауданында тиісті жұмыстар басталып кетті. Бұдан бөлек, 30 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы ірге көтермек. Ақмарал Әлназарова аталған жобаларды қаржыландыру жағынан ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА – ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ // РБ ғимаратқа да МРТ-ға да қаражаты бөлініп жатыр. аппарат келесі жылы қойылады. Яғни, инсультпен түсетін науқастардың, апатты жағдайлар болып жатса, науқастарға тез арада көмек көрсету мақсатында қосымша басқа да құрал жабдықтар келеді. осының барлығы жергілікті атқарушы органдардың сұранысы негізінде жасалып отыр.

Министр денсаулық сақтау саласында атқарылатын жобаларға да тоқталды. Әсіресе, емханалардың жұмысын жетілдіруге екпін беретінін айтты.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА – ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ //Негізі халықтың бір жері сыздаса есік ашатыны емхана. Сондықтан біз емхана жұмысын дұрыстауымыз керек. Емхана ішінде дәрігерге толық жағдай жасауымыз керек.

Саладағы өзекті мәселелерге тоқталған министр Сыр медицинасының серпін алуына жан-жақты қолдау болатынын айтты. Сапар соңы облыс орталығында жалғасты.