Қармақшы ауданындағы «Үшінші Интернационал» ауылында Наурыз мерекесі тойланды. Ұлты бөлек болғанымен тілегі бір ағайын бұл күні бір-біріне ізгі тілегін жеткізіп, мәз-мейрам болды.

3 интернационал халқы өте ұйымшыл. Той-томалақ пен таудай тірлікті біріге атқарып тастайды. Ырыс-ынтымағы, береке-бірлігі жарасқан тұрғындар Наурызнама бойынша Жаңару күнінде ауызбіршілігін көрсетіп, тал шыбықтарын отырғызды.

Ауыл өнерпаздары думанды іс-шараны Қыдыр ата туралы қойылыммен бастады. Қыстан аман-есен шыққан ағайын бір бірімен төс қағыстырып, ізгі тілегін жеткізді. Достықтары туыстыққа ұласқан ауылда түрік, корей, орыс, украин, мордвин, татар, әзірбайжан секілді он бір ұлттың өкілдері тұрады. Елді мекенге алғаш болып корейлер қиыр шығыстан қоныс аударылса, онан соң бірқатар аймақтардан халық көшірілді. Қай ұлт болмасын бөтенсімей, бауырмалдық танытқан қазақтың мейірбандығы ұмытылмайды.

Орталық алаңда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер шараның шырайын келтірді. «Береке», «Татулық», «Достық» атауымен аталған отаулардың алдында салт-дәстүр көрініс тауып, ұлттық құндылықтар ұлықталды.

Ал, ауылдық «Қазына» әжелер ансамблі ескінің есті әндерін шырқап, шараның шырайын кіргізді. Наурыз мерекесінде қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағам түрлері әзірленіп, келушілерге ұсынылды. Бұрымды арулар әндетіп алтыбақан тепсе, білекті жігіттер қол күрестіріп, гір тасын көтерді. Ауыл балалары асық атып асыр салса, жауырынды жігіттер боз кілемде белдесті. Ең мықтылары ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Думанды мереке ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.