#qyzylordatv

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов вегетациялық кезеңнен өту және елдің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде жиын өткізді. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен жауапты сала жетекшілері селекторлық режимде қатысты.

 Биыл облыста 189,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап өту қажет, ағымдағы жылы вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтуде. Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд. 900 млн. текше метр су лимиті бекітілген. Вегетациялық кезең басталғалы бері Сырдария өзенінен 2,5 млрд текше метр су алынып, оның 2 млрд текше метрі егістікке берілді. Қазіргі таңда Сырдарияға жоғарыдан секундына 401 текше метр су түсіп жатыр. Каналдар арқылы шаруашылықтарға 454 текше метр су жеткізілуі тиіс болса, нақты 340,5 текше метр алынуда.

Суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бағытында облыста 238 дана насос қондырғылары жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 25 дана насос қондырғылары Төтенше жағдайлар министрлігімен қолдау ретінде жеткізілген. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, облыс бойынша арнайы жұмысшы топтар құрылып, шаруашылық құрылымдар арасында кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Магистральді және шаруашылықаралық каналдармен суды кезектестіріп беру кестесі бекітіліп, су кестеге сәйкес жіберілуде.

Жалпы су үнемдеу бағытында 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеліп, су үнемдеу технологияларын қолдану көрсеткіші 8,1 мың гектарға дейін артып, екі есеге ұлғайды.