Қалаға қарасты Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Аймақта медициналық қызметке қолжетімділік артып келеді. Былтыр елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Өңіріміздің бюджеті 650 млрд теңгеден асты. Соның 134 млрд теңгесі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталды. Биылғы жылы дәрігерлік амбулаторияның 11-і салынып, жыл соңына дейін ел игілігіне берілетін болады.
Баймұрат ауылының тұрғындары бас ауырып, балтыры сыздаса қалаға қатынайтын. Бұл мәселе ауыл халқын көптен бері алаңдатып келген еді. Бүгін мемлекеттік қолдаудың аясында әлеуметтік нысан ел үшін есік ашты.
Жалпы, жаңа нысан кең және қажетті медициналық қондырғылармен толық жабдықталған. Сондай-ақ, ауысымына 25 келушіге арналған күндізгі стационар қарастырылған.
АЛМАТ ҚҰРМАНҒАЛИ – №4 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ //Дәрігерлік амбулатория 2 мың адамға қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мынадай ғимараттың ішінде осындай жағдай жасалғаннан кейін осы жерде емін алады. Толық жағдай бар.
Халық денсаулығын нығайту бағытында өңірде ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Оған жан-жақты қолдау бар. Мәселен, мемлекеттік бюджеттен бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аймақтың денсаулық сақтау саласына соңғы 2 жылда 2 млрд теңге бағыттаған.