Қалаға қарасты Қараөзек станциясында «Мәңгілік даңқ» мемориалы ашылды.

Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада ауылдық округ тұрғындары мемориалға гүл шоқтарын қойды. Мұнда Қараөзек елді мекенінен сұрапыл соғысқа аттанған 27 жауынгер мен тылда бел жазбай еңбек еткен азаматтардың есімдері қашалып жазылған. Ұйымдастырушылар соғысқа қатысқандардың тізімін толықтыруға қажетті мәліметтер тірнектеп жиналғандығын айтады. Енді бұл орын батыр бабалардың ұрпақтары үшін жиі келіп, тағзым ететін орынға айналмақ.