Айналаға ажал оғы себілсе де, қайсарлықты қамал қылып, жеңіс туын көтерген бабалар ерлігі ел есінде. Сондықтан жыл өткен сайын бұл күннің маңызы арта түспек. Осы ізгі мақсатқа ұйысқан сырдариялықтар Жеңіс мерекесін ерлік рухпен атап өтті. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ /Сыр өңірінде қарт майдангерлер қатары жыл өткен сайын азайып барады. Жеңісті жақындатқан төрт қана қазыналы қариямыз қалды. Соның бірі сырдариялық Яхия Тасыров ақсақал. Батырдың жерлестері үшін бұл мерекенің маңызы зор. Сондықтан тағзым алаңындағы салтанатты шара тағылыммен, ерекше рухпен өрбіді/
Осылайша қарт майдангер Яхия Тасыров пен тыл ардагері Рахымжан Бәйменов аудан жұртшылығын бастап, тағзым алаңына гүл шоқтарын қойды. Бұл ерлікпен қаза тапқан боздақтарға деген ерекше құрмет. Жалпы, төрт жыл тыныштықты кетірген майдан даласына Сырдария ауданынан 3 мыңнан астам азамат аттанған. Өкініштісі, соның тең жартысынан астамы ерліктің ерен үлгісін көрсетіп опат болды. Ұрпақ жадына ұлағат ұялатқан қарт жауынгерлердің қатары сиресе де, ерлік істері көмескіленбейді.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ /Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады» деп атап көрсетті. «Ерді елі үшін, жігітті жұрты үшін мақта» дегендей, біздер Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтов бастаған соғыс ардагерлерінің есімін мақтанышпен айтып, ерліктеріне бас иеміз/
Ел бақыты үшін жанын жау оғына төсеген ерлік іс - мәңгілік есте сақталады. Бұл ұғым тарих тағылыммен ұштасып, батыр болмыстан сыр шертетін қойылым арқылы көрініс тапты. Сондай-ақ, тағылымды шарада соғыс ардагерлерінің есімін жаңғырту мақсатында есті естеліктер айтылып, өскелең ұрпаққа өнегесі дәріптелді.
Мереке күні Сырдария ауданына арнайы барған соң қарт майдангердің шаңырағына аялдауды құп көрдік. Мақсатымыз, тағылымды ғұмыр иесінің тәлімін тыңдау. Жақсының кеудесі алтын сандық. Яхия ақсақалдың әр әңгімесі тарихтың тірі кадрлары іспетті. Ерлік істің дарасын, сұрапыл соғыстың жүрекке салған жарасын бірден ұғынасың. Бірақ жастығын майданға берген қария ғұмырым бос өтті, - деп налымайды. Отан қорғап, ерлік көрсеткені дүйім жұртқа өнеге, ұрпағына мақтаныш.
Яхия Тасыров ақсақал биыл 102 жасқа толды. Қарт майдангер әлі де тың. Өткен ғасырдағы кескілескен шайқастың әр сәті қарияның жадында жазулы. Қазақ жауынгері 1942 жылы жалындап тұрған жиырма жасында ұрыс даласына аттанды. Ең алғаш фашистермен бетпе-бет шайқасы Сталинград түбінде өтеді. Қақтығыс кезінде жараланғанына қарамастан оқты қарша боратып, неміс әскеріне тойтарыс берген.
Мерекеге орай аудан әкімі Берік Сәрменбаев бастаған зиялы қауым өкілдері де қазыналы қарияны құттықтай келді. Ғибартты ғұмыр иесі меймандардың әрбірімен емен-жарқын пікір алмасып, бейбіт күннің бағасын сөз етті.