Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Өткен 4 айда облыстың өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,9% артқан. Бұл көрсеткіш бойынша бірнеше ай бойы өсім қалыптасып, біздің өңір бірінші орынға тұрақтады. Басқосуда бұдан бөлек те бірнеше мәселе қаралды.

Әрине, өңірдің өңдеу өнеркәсібі көлемінің өсімі бұл тынымсыз жұмыстың нәтижесі екені түсінікті. Бұл қарқын одан әрі үдей түскені абзал. Алайда айтуға тиіспіз, аймақта бірнеше жылдан бері индустриаландыру картасына еніп, мемлекеттен қаражат бөлініп, бірақ, тірлігі тоқтап тұрған жобалар да жоқ емес. Олардың қатарында «Тримо» ЖШС молибден өндірісі жобасы, «Сыр маржаны» ЖШС ет комбинаты, Памптрэйдтің арматура салу жобасы, Экотехсервистің мұнай-газ саласында қондырғылар өндіру жобасы, РМЗ-шапағаттың Үй құрылысы комбинаты, тағысы тағы бар. Бұл мәселеде бір жағына шығу керек, өнбейтін іске бөлінген қаржы бюджетке қайтарылу керек.

Тоқтап тұрған жобаларға басқармамен бірге талдау жасап, тиімділігіне байланысты ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, ауылда - әкім, ауылдағы мектепте - директор, учаскелік полиция инспекторы бола тұра әлі күнге дейін аудан, қала орталығынан қатынап жүрген қызметкерлер баршылық. Келіп-кетіп жүретін қызметкер сол жердің жай-күйінен, орын алып жатқан оқыс оқиғасынан тыс қалатыны сондықтан болса керек. Еңбекақысын алып жүрген жермен біте қайнаса алмайтын қызметкерлер бір жағына шығу керек.