Қала бюджетінің көлемі жылдан жылға артып келеді. Бұл шаһардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда даму деңгейін көрсетсе керек. Мәселен 2023 жылдың қорытындысымен қала бюджетінің көлемі 95 миллиард теңгеден асқан. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 29,4 пайызға ұлғайған. Бүгін қалалық мәслихат сессиясында қалалық бюджеттің атқарылуы тыңдалды.
Былтыр қала бюджетінің кірістер болжамы 107 пайызға артығымен орындалған. Салықтық түсімдер ұлғайып, негізгі капиталды сатудан түсетін түсім екі есе артқан. Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қала бюджетінің атқарылуы, игерілмеген қаржы көлемі мен оның негізгі себептерін атады.
Игерілмеген қаржының көлемі - 1,4 миллиард теңге. Оның 304 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, облыстық бюджеттен бөлінген 691млн теңге кері қайтарлымақ. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша ірі көлемде игерілмеген қаржының 53,1 пайызы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі болса, 43,5 пайызы қалалық құрылыс бөлімінің үлесінде. Депутаттар қаржыны уақытылы игеру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін алға тартты.
Сессия барысында облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі баяндама жасап, қалалық бюджеттің атқарылу жайын талдады. Нәтижесінде бірқатар қаржылық бұзушылықтар анықталған. Тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 1 млрд теңгеден асады.
Сессияға қатысқан қала әкімі Серік Қожаниязов қаланы дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Көшелерді жөндеу, су ұңғымаларын бұрғылау бағытында ауқымды жобалар іске асуда.
Сессия барысында депутаттар өз аумақтарына қатысты бірқатар ұсыныстарын жолдады. Сайлаушылар алдында көптен бері қозғалып келе жатқан түйінді мәселелерге назар аударып, қаржы бөлу қажеттігін еске салды.