Кадрлық ауыс-түйіс. Президент әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің өкімі негізінде Шахмардан Байманов облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Шахмардан Асқарұлы өңір жұртшылығына жақсы таныс. Бұл қызметке дейін облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымында болды. Сыр өңірінің тумасы. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қаржы және қаржылық құқық» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Саясаттану» мамандығы бойынша білім алған. Шахмардан Байманов әр жылдары үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінде жоғары басшылық лауазымға дейінгі жолдан өтті. 2012-2017 жылдары Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы болған. Ал, 2017-2022 жылдар аралығында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, комитет төрағасы секілді жауапты қызметтер атқарды. Жаңа лауазым иесі облыс әкімінің орынбасары ретінде қоғамдық даму, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім, дін және жастар ісі мәселелеріне жетекшілік етеді.