#qyzylordatv
Қармақшы ауданында елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жобасы қарқын алды. Сондай-ақ, тозығы жеткен электр желілері жаңғыртылып, бірнеше ауылда балаларға арналған ойын алаңдары салынуда. Осы және өзге де жаңашылдықтар турасында аудан әкімі Жандос Еркінбек халықпен есепті кездесуінде айтты.
Халық алдындағы есепті кездесу Жаңажол ауылдық округінен басталды. Мәдениет үйіне жиналған тұрғындар алдымен ауыл әкімінің 6 айлық есебін тыңдады. Биыл елді мекендегі 4 көшеге бейнебақылау камерасы қойылып, 9 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылған. Алдағы уақытта жаяу жүргіншілер жолы мен тағы бірнеше көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ауылшаруашылығы саласының да өрісі кеңейіп келеді, дейді ауыл әкімі.
Жалпы, Қармақшы ауданында әр салада қозғау бар. Мәселен, биыл 5 ауылдық округтің электр желілері жаңғыртылмақ. Бірнеше елді мекеннің тозығы жеткен су ұңғымаларын ауыстыру жоспарланып отыр.
Мұнан соң аудан әкімі Иіркөл ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Жандос Еркінбек ең әуелі жылу беру маусымына дейін ауыл халқы түгел көгілдір отынмен қамтылатын айтып, сүйіншіледі. Аталмыш жобаға республикалық бюджеттен 110 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта газ желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Сондай-ақ, елді мекенде жол жөндеу және абаттандыру бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Тұрғындардың көптен көтеріп келген аяқ су мәселесін шешу мақсатында «Балажарма» каналы толық тазартудан өткен.
Жандос Еркінбекұлы Жосалы кентінің тұрғындарына да есеп берді. Кездесуде аудан әкімі соңғы үш жылдағы салыстырмалы көрсеткіштерді сүзгіден өткізді. Аудан бюджеті былтырға қарағанда едәуір артқан. Тартылған инвестиция көлемі де 30 пайызға көбейген.
Көптің көкейіндегі мәселенің бірі темір жолдың екі бетін байланыстыратын өткел жайы. Оған қажетті барлық құжаттар рәсімделіп, тиісті органдардан келісімдер алынған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік осал топтар мен кезектілікте тұрған азаматтар үшін екі пәтерлі 100 тұрғын үйді сатып алу жоспарлануда.
Әкімнің есеп беру кездесуінде тұрғындар талап-тілегін айтуға мүмкіндік алды.
Жандос Еркінбек кент тұрғындарының сұранысы жерде қалмайтынын, әрбір жұмыс жүйелі жүргізілетінін жеткізді.