#qyzylordatv

Қызылордада «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауы өтті. Облыстың барлық ауданынан келген 55 кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, үздіктері келесі кезеңге жолдама алды.

 Жергілікті сүт, ет өнімдері, бал, ұлттық қолөнер бұйымдары, тағысын тағы. Келушілердің қызығушылығын тудырған көрмеде не жоқ дейсің, бәрі бар. Соның ішінде көпшіліктің таңданысын тудырған қызылордалық кәсіпкер Айнұр Қожбанованың бұйымдары болды.

АЙНҰР ҚОЖБАНОВА, КӘСІПКЕР

Мен өз өнімімді алып келіп қатысып отырмын. Өнімім жергілікті материалдардан жасалған. Жоғарғы сорт гипстен және жергілікті адыраспан қолданамын. Осы заттарды пайдалана отырып ұлттық дәстүрімізді мәдени мұрамызды қолдау аясында ұлттық нақыштағы бұйымдарымды заманауи мақсатта қолдансақ деген ойымыз бар.

 Байқауға 55 кәсіпкер қатысты. Арнайы комиссия өнімдердің сапасы мен ерекшелігін бағаласа, тұрғындар көрмені аралап, әп-сәтте тауарларды сатып алып жатты. Табиғи азық-түлік пен ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс жоғары болды.

АЙЖАМАЛ УӘЙІСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Өте керемет жәрмеңке өтіп жатыр. Барлық өнімдерді көріп жатырмыз. Оның ішінде мінекей Аралдан келген ақ өнімдері, құрт-май, айран әртүрлі өнімдер. Осындай өнімдеріміз көп болсын, тек қана қолдан жасалған өнімдеріміз көп болсын. Барлық кәсіпкерге де соны тілеймін.

 Байқаудың басты талаптарының бірі – өнімнің жергілікті шикізаттан дайындалуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өңірлік брендтерді дамытуға және кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік береді.

ДІЛМҰХАММЕД ӘБІЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Өңірлерімізден әр ауданнан 55 кәсіпкер, ол дегеніміз – біздегі өндіруші кәсіпкерлердің дамып келе жатқаны және де мықты мемлекет, мықты өңірлерден басталатын қағидатын дәлелі ретінде осы өңірлеріміздегі бірінші кезекте әр өңірге сай, өзінің шикізатын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылып жатқан жоба.

 Іс-шара қорытындысымен барлық қатысушыға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Ал іріктеуден өткен 20 кәсіпкер байқаудың келесі кезеңінде өз жобаларын қорғап, өңірдің үздік 10 тауар өндірушісі атағына таласады.