#qyzylordatv 

Сырдария ауданы, Бесарық ауылында шағын өнеркәсіп өрістеуде. Аймақ басшысы ауылға арнайы барып, шағын өндірістік орталықтың жұмысымен танысты. Ал, өткен жылы ашылған спорт кешенінде ауыл жастарымен жүздесті. Сондай-ақ, ауыл халқымен кездескен облыс әкімі, көпшіліктің ұсыныс-пікірін тыңдады. Мұнан соң, облыс орталығында жаңа кәсіпке бет бұрған жандардың жұмысын көрді. 


Ауылдағы спорт кешенінде бүгінде 100-ге жуық жасөспірім жаттығады. Олар спорттың волейбол, бокс, дзюдо секілді түрлерімен шұғылдануда. Мұнда болашақта таеквандо мен күрес үйірмесі ашылмақ. 15 жастағы Мейіржан Қуандық былғары қолғап шебері болғысы келеді. 


Елді мекендегі шағын өндірістік орталық ауыл кәсіпкерлері үшін қолайлы орта қалыптастырған. Қазір мұнда жақын маңдағы ауыл тұрғындары да сауда жасауға келеді. Ауыл өнімдері арнайы тапсырыспен қалаға да жетеді екен. Кәсіпкер Кәмила Әбішева жартылай дайын өнімдер әзірлейді. Жұмысын бастау үшін «Ауыл аманаты» жобасымен несие алған.


 Бекзада Дүйсенбайқызы сұлулық салонын ашқан. Ондағы ойы ауылдың қыз-келіншектерін қалаға сабылтпай, қажетті күтімін жасау.  


 Орталық алаңда ауыл тұрғындарымен кездескен аймақ басшысына бірқатар ұсыныс айтылды. Өлкетанушы Жұмабай Байзақов Сырлытам кесенесіне зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санайды. Сондай-ақ аудан тарихына алтын әріппен жазылған Сералы Лапин, Қоңырқожа Қожықов есімдерін жаңғыртуды ұсынды. Кездесу соңында ауданның тарихы жазылған кітапты аймақ басшысына сыйға тартты. 


 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ 

 Бізде Сығанақ қаласы бар білесіз.. Соны арықарай дамытуымыз керек одан бөлек оғыздардың астанасы дұрыс айтасыз мән беруіміз керек.