Спорт әлемінен ақпар. Жаңа маусымды Сыр өңірінің «Қайсар» футбол клубы легионерлерсіз бастамақ. Осы арқылы жергілікті жастардың шыңдалып, тәжірибе жинауына мүмкіндік беріледі. Әрі бұл қаржыны үнемдеуге айтарлықтай сеп. Жуырда өңір спортының тізгінін ұстаған олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев салаға реформаны футболдан бастағанын мәлімдеді.

Шыны керек қазір асық ойнағаннан гөрі доп тепкеннің ұпайы түгел. Әсіресе, шетелдің ортаңқол футболшылары қазақ чемпионатына келіп, қанжығасын майлап кететін. Енді мұндай майшелпек Сыр өңірінде болмайды. «Қайсар» футбол клубы түгелдей отандық аяқдопшылармен жасақталып отыр. Оның ішінде жергілікті жастардың үлесі басым. Яғни, құрамға іліккен 27 футболшының 22-сі аймақтағы футбол мектептерінің түлегі. Қазір дала қасқырлары Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жаңа маусымға тыңғылықты дайындалып жатыр.

 БАҚТИЯР АРТАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Осындай батыл шешімге келіп отырмыз. Өйткені, 30 жылдың ішінде осы күнге жете алмай қаншама армандап жүрдік. Легионерлермен өзгеретін болса, Челсиларды ұтпадық па кеше. Неге өзіміздің балаларды тәрбиелемеске?! Әрине, алғашқы ойындарда қиын болады. Дегенмен, көш жүре түзеледі. Біздің бастамамызды бүкіл өңірлер қолға алып, қолдайды деген ойдамын.

Бағамдасақ, Сыр өңіріндегі бұл бастама президенттің пәрменді тапсырмасымен үндеседі. Осыған дейін мемлекет басшысы шетелдік спортшыларға қаржыны шүлендей таратуды доғару керектігін қатаң ескерткен болатын. Биыл қызылордалық клубқа 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Бұл премьер лигада ойнайтын командалар арасында ең аз қаражат. Дегенмен, аймақ аяқдопшылары үнеммен-ақ сенім үдесінен көрінуді көздеп отыр. Журналистермен жүздесуде басқарма басшысы саладағы өзге де реформаларға тоқталды. Әсіресе, енді олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше екпін берілмек.

Жалпы, Бақтияр Ғарифоллұлы бұл қызметке тағайындалғанына 2 айға жуықтапты. Бірақ, жергілікті журналистермен ашық диалог орнатудан қашқақтап жүрген. Брифинг барысында осы мәселеге қатысты тілшілер тарапынан өткір сауалдар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды. Ал сала жетекшісі жұмыс кестесі тығыз екеніне тоқталып, алдағы уақытта етене еңбек етуге уәделесті.