Сыр өңіріндегі Нағи Ілиясов елді мекені Қазақстанның үздік 5 туристік ауылының қатарына енді. Бұл «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» жариялаған байқау барысында анықталып отыр. Жоба бірегей табиғи ландшафттары бар, дәстүр мен қолөнерді сақтаған ауылдық аумақтарды анықтауға және дамытуға бағытталған.
Алпыс жылдық тарихы бар ауылдың адам танымастай өзгеруіне алдымен елдегі еңбеккер азаматтар ынталы болған. Тоқсаныншы жылдары тозып, көп ауылмен бірге күйреудің аз-ақ алдында қалыпты. Бүгінде елді мекеннің келбеті көркейіп, халықтың еңсесі тіктелген. Еңбек Ері Абзал Ерәлиев күріш шаруашылығын дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Бірнеше мәдени-әлеуметтік ғимаратты жаңғыртып, кейбірін жаңадан салды. «Көздің жауын алатын гүлзарлар мен заманауи үлгідегі әрбір нысан туристерге де тартымды», – дейді тұрғындар.
АНЫҚБЕК ҚАЙМОЛДАЕВ - НАҒИ ІЛИЯСОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Үлкен-үлкен автобустармен де келеді. Сырттан келген ағайын-тумалар, Астанадан, Алматыдан келгендер ауылға таңғалады. Әсіресе қазірдің өзінде жаман емес. Кешке жақын жарқырайды. Жаздыгүні айнала бәрі гүлзар ғой.
Ауыл көшелері толық асфальтталған. Аяқ су тартылып, көше бойындағы ағаш көшеттері де жаңаланып тұрады. « Газ құбыры да тартылып, жақын арада әр үйді көгілдір отынға қосу жұмыстары басталады», – дейді ауыл әкімі. Жоспарда мұнан өзге де жобалар жетерлік.
САҒДАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ - НАҒИ ІЛИЯСОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Туризмді дамыту мақсатында ауылда биылдан бастап біз музей ашуды қолға алып жатырмыз. Ол музейде осы ауылдың еңбекшілерінің өткен тарихын насихаттаймыз сол жерде.
Гүлзат Амангелдиева Алматыда білім алған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында туған ауылына таңдауы түскен. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жас маман заман талабына сай дамыған ауылда тұратынымды мақтан етеді.
ГҮЛЗАТ АМАНГЕЛДИЕВА – МҰҒАЛІМ
Бірге оқыған студент, группаластарымыз келеді ғой ауылға. Сол кезде осы ауылымыздың керемет табиғатын, керемет әсемдігін көріп, таңданыстарын білдіріп жатады. Қандай керемет ауыл деп. Міне, осындай мақтауларды есту, әрине, өз еліміздің патриоты болуға, осындай ауылда туғанымызға үлкен мақтаныш сезімін туғызады.
Ауылда жастарға да барлық жағдай жасалған. Бірнеше ойын алаңы бар. Ал зәулім спорт кешенінде 150-ге жуық бала шынығады.
БАҒДАТ ЕСЕНОВ - АУДАНДЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Осы спорт кешенінде республикалық екі жарысымыз өтеді және облыс біріншіліктерінің үстел теннисінен барлығы осы жерде өтеді. Республикалық жарыстардан, Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан және Азия чемпионаттарынан жүлдегерлер де жетерлік.
Заман талабына сай дамыған Нағи Ілиясов ауылы енді дүниежүзілік Best Tourism Village байқауында Қазақстан атынан сынға түседі. Айта кетейік, бұл қатарда елімізден тағы да төрт ауыл бар.