Қызылордада оқушылар арасында аймақтық пікірсайыс турнирі өтті. «Әділ, таза және қауіпсіз Қазақстан» тақырыбын арқау еткен дебаттың мақсаты – оқушыларды білімге, шешендік шеберлікке баулу, патриоттыққа тәрбиелеу, жастардың саяси сауаттылығы мен азаматтық белсенділігін арттыру», - дейді ұйымдастырушылар.
Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен жұмыс істеуге үйретеді. Облыстың түкпір-түкпірінен келген жеткіншектер «Халықаралық мектеп форматында» сайысты. Алдымен командалар жеребе арқылы жұптарға бөлінді. Содан соң, сөз шеберлері өздеріне берілген тақырып аясында пайымды пікір айтып, үздіктері анықталды.
АЙЖАН ОРЫНБАСАР – БАС ТӨРЕШІ
//Қатысушы командалардың өзі жаңадан келіп жатқан жетінші,сегізінші,тоғызыншы сыныптар. Ол кісілер енді ойнап жатыр дебат. Бұл форматта барынша жаңа лицоларды қалыптастыруға, жаңа пікірсайысшыларды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып жатырмыз. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтеді,әрине. Бірақ қазір, тұсауын кесіп жатқан алғашқы, осы форматтағы турниріміз.
ГҮЛБАНУ ИМАМЗАДАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ ДЕБАТ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
// Дебаттың бұл оқушыларға пайдасы өте зор. Өйткені, балалардың сөздік қорлары көбейеді, тәжірибе жинақтайды,кітап оқиды ең бастысы. Білімді болады. Барлық жағынан біздің балалар дебатқа қатысса, қай жерге барса да жерде қалмайды.
Білім бәйгесінде «Көзқарас» және «Golden worlds» фракциялары оқ бойы оза шауып, финалдық бәсекеде бақ сынасты. Төрешілердің шешімімен «Көзқарас» командасы жеңімпаз атанып, арнайы кубокпен марапатталды.
ӘДІЛЕТ СМАҒҰЛ - ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
// Ұту біздің алғашқы және ең басты мақсатымыздың бірі болды. Және біз мақсатымызға жеткенімізге қуаныштымыз. Әртүрлі тақырыптарда сайыстар болды, жастарды даярлайтын, мысалы ең соңғы тақырыпты айтар болсақ, ең соңғы тақырып «бұл палата Қазақстандағы ең қолайлы қаланы ұсынады» деп жазылған. Біз өзіміздің ойымыздағы ең қолайлы қаланы ұсынып, жеңіске жеттік.
АСҚАР ЖЫЛҚАЕВ - «КӨЗҚАРАС» КОМАНДАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
// Менде бұрыннан дебат ойындарына қатысамын, қала мектептерінің ұстаздар арасынан өткізілген сайыста жеңімпаз атанғанмын. Қазақ айтады ғой, бәрінен де сөз бастау қиын. «Тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» дегендей, оқушыларымның осындай жетістіктерге жетуі бұл педагогика саласындағы біздің мақсаттың орындалғаны,өте қуанып тұрмын.
Айта кетейік, аймақтық кезеңнің жеңімпаздары Республика күніне орай Елордада өтетін «JasRepublic cup» Ұлттық турниріне қатысады.