#qyzylordatv
Тәртіп сақшылары - сахнада. Облыс орталығында Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында «Парасатты полицей – 2026» облыстық байқауы өтті. Биыл он алтыншы мәрте ұйымдастырылған сайысқа барлық аудандық полиция бөлімдерінен 7 команда қатысты. Мақсат – полицейлер арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
Қоғам тыныштығын күзететін әрбір полицейге артылар жүк ауыр. Жұмыс барысы олардан кәсіби біліктілікті ғана емес халықпен тіл табысуды және мемлекеттік тілді жетік білуді талап етеді. Сондықтан сайыста қазылар алқасы сақшылардың сөйлеу мәнеріне, шешендігі мен біліміне де айрықша назар аударды.
Облыстық байқауға қатысушы командалар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде полицейлер «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында өз командаларын таныстырып, тәртіп сақшысының қоғамдағы рөлі мен «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудағы маңызына тоқталды. Ал, екінші кезеңде сала мамандары ұлы тұлғалардың өмірі мен олардың шығармаларынан сахналық қойылым қойды.
ЕРТУҒАН АРАЛБЕКОВ – АРАЛ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕКЕ ҚҰРАММЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ИНСПЕКТОРЫ
Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Қазалы аудандық полиция бөлімінің «434» командасы иеленді. Ал екінші орын Шиелі аудандық полиция бөлімінен құрылған «Тәртіп Times» командасына бұйырса, үздік үштікті Жалағаш аудандық полиция бөлімінің «Алмағанбетов арландары» командасы түйіндеді.
Айта кетейік, жеңімпаз атанған Қазалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері енді Түркістан облысында өтетін республикалық байқауда Сыр намысын қорғайды.