#qyzylordatv
Шиелі ауданында 11 мың гектардан астам жерге күріш егілген. Бұдан бөлек, шаруалар биыл жүгері өсіру мен бау бақша өнімдеріне басымдық берген. Бастысы еңбеккерлер тіршілік нәрін ысырап етпей, суды тамшылатып суару әдісімен тиімді пайдаланып отыр. Ауданда егін шаруашылығында мұнан өзге де бастамалар баршылық. Аудан әкімі егістік алқаптарына барып, шаруалардың жұмысымен танысты. Тақырыпты тілші тарқатады.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Биыл шиелілік шаруалар 32 мың гектардан астам алқапқа егін екті. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш көлемі 11 мың гектарды құрайды. Мынау алқапқа мамыр айының бел ортасында түріктің жоғарғы сорттағы дәні себілген. Суды аз қажет ететін дақыл шамамен екі айдың ішінде жақсы бой алып тұр. Жайқалып тұрған егістікке қарап, кетпен арқалаған қауымның маңдай терін байқауға болады. Бүгін таңмен таласа аудан әкімі де атыз аралап, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты.
«Бидайкөл» шаруа қожалығы ертеден жемісті еңбек етіп келе жатқан берекелі ұжым. Жыл сайын ауылшаруашылық саласында молынан өнім алатын шаруа қожалығында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Бидайды баптап, мал азығын қамдап жүрген жандар күріштен де қол үзбеген. Тіршілік нәрін аз қажет ететін күріштің «Сортовой» деп аталатын түрін егіпті.
АСЫЛБЕК ОРАЛБАЕВ – «БИДАЙКӨЛ» ЖШС ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ
718 гектарға күріш сортын егіп жатырмыз биыл. Түріктің сартовой сорты. Мынау соңғы егілген полямыз. Енді бас алады. Сентябрдің ішінде орақ саламыз. Әр гектарынан 50-60 центнерден өнім аламыз деп үміттен отырмыз. Бұл сорттың ерекшелігі су аз болса да өлмейді. Суды қатты қаламайды. Түбінде су болса, батпақта тұрса да шыдамды суға.
Жерден несібесін тергендердің бірі – Манас Кәрімбаев¬. Ақсақал ауыл аумағынан 4 гектар жер алып, бау бақша өнімдерін өсірумен айналысып келеді. Қазіргі таңда оның 2 гектарында қызанақ өсіп тұр, қалғанына қауынның түр-түрін еккен. Ерте көктемнен бастап бел жазбай еңбек еткен бағбан енді жемісін жинап жатыр. Биыл шамамен 50 тонна помидор, ал қауынның әр гектарынан 20 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
МАНАС КӘРІМБАЕВ – ЕГІНШІ
Қауын-қарбыз енді поляның басынан кетеді. Кейде қалаға апарамыз, базарға. Ал, памидор біздікі Шымкент ғой. Арыс базарына өткіземіз, апарып. Сұраныс жақсы қазір. егісті жазда басталады деп ойлайды. Бірақ, ауа райына байланысты, қиын жағдай көп ғой. Сондықтан ертерек шығарсаң, ертерек ауызыңа тиеді дейміз. Сол үйде жылыжайымыз бар. Соған көшет өндіреміз. Ақпан айының аяғында бастаймыз ғой. Апрельдің бірінен бастап поляға егіп тастаймыз ғой. суды тамшымалы әдіс ғой қазір. 3-4 жылдың көлемі болды тамшылатыуға ауысқанымызға.
Жалпы Шиелі ауданындағы қожалықтар тіршілік нәрін тиімді пайдаланудың тәсіліне көшкен. Манас қария секілді тамшылатып суару әдісімен бау-бақша дақылдарын егіп отыр. Бұдан бөлек, жамбырлатып су әдісін қолданатын ірі қожалықтар да бар.
ЕРЛАН МЕҢЛІБЕКОВ – АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Президент тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу және майлы дақылдарға басымдық берудің арқасында 3 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен аудан диқандары бақшаларын егуде. Оның ішінде 2175 гектары жүгері дақылына басымдық берілді. Жүгерінің 1000 гектары тамшылатып суарумен және 1000 гектары жаңбырлатып суару әдісімен егілуде.
Суды үнемдеу мақсатында ауданда 9 каналдың жоба сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал, Шиелі кентінің ішіндегі екі каналды бетондау жұмыстары жүруде. Бұл жұмыстар арқылы тіршілік нәрін біршама үнемдеуге болатынын тәжірибе көрсетіп отыр.