#qyzylordatv 

Бүгін облыс әкімі Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа жылу-электр орталығының жұмысымен танысты. 240 мегаватт электр, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін орталық құрылысына түркиялық «AksaEnergy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция салды.


 Жоба аясында қуаттылығы 185 мегаватт болатын газ турбиналық үш қондырғы, 55 мегаваттық бу турбинасы, сонымен қатар 3 бу және 2 су жылыту қазандығы орнатылған. Жаңа орталықты тамыз айында толық іске қосу жоспарлануда. 

   Облыс әкімі «Қызылордажылу-электр орталығына» да барды. Мұнда жылу энергия көздерінің 85 пайызы, жылу желілерінің 40 пайызы тозып тұр. Станция 67 мегаватт электр, 355 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. 

   Жалпы алдағы жылу беру маусымына дайындыққа 5,5 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Бұл қаражат есебінен тоғыз шақырымдай жылу желісі жаңғыртылып, қос газ турбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, жылу желісі, автономды қазандықтар мен негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу көзделуде.

  Облыс әкімі «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне де аялдады. Мекемеге қарасты 10 608 шақырым электр желісі, 2 058 қосалқы станция бар, ал трансформаторлардың жалпы қуаты 1 350 мегаватт.

   Тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды аралау қорытындысымен жауапты сала жетекшілеріне тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, алдағы жылу беру маусымына дайындықты уақытылы, сапалы жүргізіп, тұтынушыларға электр энергиясын тұрақты жеткізуге міндетті.