#qyzylordatv 

Жыл басынан бері облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде облысымыз республикада екінші орынға тұрақтады. Ашылған жұмыс орындары электронды еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы аударымдары арқылы расталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлімдеді. 


 Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бос жұмыс орындарына орналасу, субсидияланған жұмыс орындарын ашу және жеке бастамаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін төмендеп, республикалық көрсеткішпен теңесті. 

    Брифинг барысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде облыста 35 мыңдай мүгедектігі бар адам тіркелген. Оларды оңалтудың жеке бағдарламаларын іске асыруға биыл 6,9 млрд теңге бөлініп, 28 мыңнан астам азамат техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық нысандарды бейімдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.


 ЖАНАР ДӘУЛЕТБАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

- Біздің басты мақсатымыз халықты тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға тиімді жеткізу. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары жалғасады