#qyzylordatv #заңментәртіп
Елімізде ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейді. Профилактикалық науқан аясында енді рұқсат етілген мөлшерден артық жүк тиеген көліктерге айыппұл салынады. Аталмыш рейдтік шара бір ай бойы жүргізіледі. Кезекті тексеріс барысын тілшіміз бақылап қайтқан еді. Бейнематериалын көрейік.
Шіліңгір шілде шыдатар емес. Шыны керек, қазір шаңқай түсте тас жолдың өзіне жұмыртқа қайнатуға болады. Бірақ осы сағымдай бұлдырап, сағыздай былжырап жатқан асфальт үстінде қажетінше жүйіткіп жүрген жүк көліктері жетерлік. Талап бойынша республикалық маңызы бар автожолдарда 25 тоннадан артық жүк тасымалданбауы тиіс. Алайда талапты талақ қылғандар тыйылмай отыр. «Назар аударыңыз, ауыр салмақты автокөлік құралы» атты профилактикалық акция осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.
Шамадан тыс жүк тиеген көліктер жуық арада толықтай автоматты жүйеде бақыланады. Ол үшін Бірқазан елді мекенінің маңынан арнайы станция салынып жатыр. Аталмыш нысан іске қосылғанда жүк көліктерінің салмағы бірден базаға енгізіліп отырады. Осы арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, адами фактордан алшақ дербес жүйе құру көзделіп отыр. Айта кетейік, мұндай бекеттерді өңірдің өзге де жолдарына орнату жоспарланған.
СЕРІК МЫРЗАҒАЛИЕВ – «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Автоматтандырылған таразы станциясының құрылысы аяқталып қалды. Бұл жүк көліктерінің салмағын тоқтаусыз өлшеуге мүмкіндік береді. Біз бұл құрылғыны осы айдың соңына дейін іске қосамыз. Бұл станция көлік қозғалысына ешқандай кедергі келтірмейді. Яғни, өлшеу құралы жол жабындысының астына орнатылған. Алдағы уақытта осындай станцияны өзге де маңызды автожолдарға қою жоспарымызда бар
Бүгінде өңірде 14 мыңға жуық инертті жүк тасымалдаумен айналысатын кәсіпкер тіркелген. Олардың басым бөлігі оңтүстік аудандардан қиыршық тас пен цемент тасиды. Одан бөлек өзге өңірлерге сапар шегетін жүк көліктері қаншама. Бір сөзбен енді батыс пен шығысты, оңтүстік пен орталықты жалғаған автожолдарда үлкен камаздар қалағанынша қатынай алмайды. Рұқсат етілген мөлшерден артық жүк тиеген көліктер айып тұрағына жеткізіледі.