#qyzylordatv 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Сырдария ауданында болып, шаруалармен кездесті. Министрдің айтуынша, қазір егіншілердің көбі келісім-шартқа отырмастанг, су үнемдеу технологияларын пайдаланбай, егін егеді. Егер мұндай жағдай қайталана берсе, диқандарға берілетін субсидия төмендеуі мүмкін.


 Жыл басынан бері облыста жалпы ұзындығы 71,5 шақырымды құрайтын 15 канал механикалық тәсілмен тазартылды. Сонымен қатар, 29 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 26 жылдан кейін алғаш рет ұзындығы 16,5 шақырым болатын «Жетікөл» каналының учаскесі мен «Ақтам» каналының сағасы тазартылып, 6 гидротехникалық нысан жөнделді. Мұнан бөлек, 2025-2026 жылдары инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 33,3 шақырымды құрайтын «Келінтөбе» магистральдық каналының Р-12 және «Құрайлы» каналдарының учаскелерін тазарту жұмыстары аяқталды. Және 4 гидротехникалық нысанға кешенді жөндеу жүргізілді.


Ал, биылғы жылдың вегетация кезеңіне Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы облыс үшін 3,25 млрд текше метр көлемінде су пайдалану лимитін бекітті. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген биллинг жүйесі арқылы өңірдің шаруаларымен су беру жөніндегі 1010 электронды келісімшарт жасасқан. Бұл келісімшарттар 118 мың гектар егіс алқабын, оның ішінде 70 мың гектар күріш алқабын сумен қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінде филиал өңірдің ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін 2,23 млрд текше метр су алған.


Баяндамаларды тыңдаған министр су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


 Мұнан кейін, Нұржан Молдиярұлы аудан шаруаларының суармалы жерлерге судың тұрақты жеткізілуі, су үнемдеу жүйелерін енгізу және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қатысты сауалдарына жауап берді.


НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ – ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ 

Әр текше метр судың есебі бар. Мысалы, Қызылорда облысындағы Солтүстік Арал теңізіне су жіберіледі. Облыста 200-ден астам көл бар. Егер оларға да су бермесек, экология мәселесі туындайды. Сол себепті міндетті түрде су жіберуіміз керек. Шамамен екі айдан кейін вегетация кезеңі аяқталады. Содан кейін қалған суды осы екі бағытқа - Түркістан мен Қызылорда облыстарына жұмсаймыз. Сол себепті 1 литр де артық су жоқ, бәрінің есебі бар.


 Кездесуде министр әр текше метр судың сұрауы бар екенін айтып, су үнемдейтін технологияларды белсенді пайдалану қажет деді. Сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртып, магистральдық каналдарды бетондау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.