Шиелі ауданында күзгі ағаш егу жұмыстары басталды. Республикалық «Таза Қазақстан экологиялық акциясы» аясында ұйымдастырылған іс-шараға жастармен қатар, еңбек ардагерлері үлес қосып, ұрпақ сабақтастығының берік үлгісін көрсетті.

Шиелі – тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан. Сондықтан кентке кіреберіс аумақтың ажарлы болуы тұтас ауданның имидждік келбетіне оң әсер береді. Осыны ескерген жұртшылық жұдырықтай жұмылып, бір сәт білек сыбана еңбек етті. Бұған дейін ауданға апарар негізгі қақпаның маңына көп жылдық көшеттер отырғызылған болатын. Ондағы тал-дарақтар жайқалып өсіп тұр. Енді міне темір жолдың үстін кесіп өтетін аспалы көпір жанындағы жолайрық жасыл белдеуге айналатын түрі бар.

Расымен, табиғатты аялау – ортақ іс. Сондықтан экологиялық акция аясында жол бойындағы 5 гектарға жуық аумаққа 2 мыңнан астам тамырлы көшет отырғызылды. Айта кетерлігі, егілген тал-дарақтар аяқ-асты болып қалмас үшін атшаптырым аумақ қоршалып, аяқ су жүйесі жүргізілмек. Жалпы, соңғы жылдары Шиеліде орман қорын қалыптастыруда толайым тірлік атқарылып, тұқымбақ жұмысы жолға қойылып келеді.

 Аталмыш шараға ауданның еңбек ардагерлерімен қатар, белсенді жастар атсалысып, ұрпақ сабақтастығының берік үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, бұл күні аудан әкімдігіне қарасты бірқатар құрылым қызметкерлері де қолға күрек алып, тағылымды бастамаға үлес қосты. Берекелі күздегі берері көп бастама тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ.

 «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері оңтүстік ауданда 5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, айнала ажарланып қалды. Енді ағаш егу науқаны ай бойы үздіксіз жүргізіліп, кентті жасыл желекке айналдыру көзделіп отыр.