Жалағаш ауданында соғыс және еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен 350-ге жуық дзюдошы қатысып, татамиде бақ сынасты.

 Мөрәлі Шәменовті еске алу турнирі осымен 25-ші рет жалауын көтеріп отыр. Мақсат - бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру және елдің дамуы жолында еселі еңбек еткен қайраткер тұлғаны таныту. Жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов Мөрәлі Шәменовтің өмірі мен еңбек жолына тоқталды.

Мөрәлі Шәменұлы саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының дамуына, елдің өсіп өркендеуіне арнаған іскер азамат. Көзкөргендердің сөзінше соғыстан кейін шаруасы шатқаяқтаған Молотов колхозын аяққа тұрғызып, елдің еңсесін тіктеген. Төрт түлікті түлетіп, ет, сүт өнімдерін аудан орталығына өткізген. Егін шаруашылығын қолға алып, аядай ауылды бүкіл республикаға танытты.

Еліміздің әр өңірінен келген спортшылар 9 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. 46 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрәлем Қанатұлы алғашқы қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Ал, 38 келі салмақта күрескен Абдурахман Жайшылық ақтық сында қарсыласына есе жіберіп қойды. Жалағаштық спортшы осылайша екінші орынға ие болды.

 Бүгінде ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген Мағжан Шамшадин, Нұрлыхан Шархан, Абылайхан Жұбаназар, Бауыржан Жауынтаев, Жақсыбек Жеңісбек сияқты белгілі дзюдошылар кезінде осы турнирге қатысып, шеберліктерін шыңдаған болатын. Татами төрінде өнер көрсеткен жас балуандардың арасынан да болашақта чемпиондар шығуы бек мүмкін. Сонымен екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Қызылорда қаласы бірінші орынды жеңіп алды. Айта кетейік, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат атағын алады.