Биыл Шиелі ауданына қарасты «Қарғалы» ауылдық округінің құрылғанына - 50 жыл. Осыған орай елді мекенде бірқатар мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылып, туған жерін түлеткен азаматтарға құрмет көрсетілді. Жарты ғасырлық тарихы бар ауылдағы торқалы той турасында тілшіміз сабақтайды.

 Шиелідегі елді мекеннің көбі аудан орталығына жақын орналасқан. Ал, шалғайда бірлі-жарым ғана ауыл бар. Соның бірі осы – Қарғалы. Дарияның арғы жағынан орын тепкен аядай ауыл 1973 жылы құрылған. Қызылқұмның етегі - шаруаның мекені. Жері төрт түлікке жайлы, қысы жұмсақ. Кезінде мұнда мыңғырған мал өрістетіп, 30 мыңнан аса қаракөл қойын ұстаған. Биыл атағы алысқа жайылған ауылдың құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған орай Қарғалыдан қанаттанған қауым туған жерде бас қосып, дүбірлі той өткізді.

АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ – АУДАН ӘКІМІ

Кеңес одағының екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Дала академигі, атақты диқан Ыбырай Жақаев бабамыз Қарғалыда өсіп, еңбек жолын диқаншылықпен бастаса, халық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп Құтпанұлы Баянауылдан жанұясымен елге көшіп келгенде осы өңірді өзі таңдап, «Аққала» деп атаған екен. Қарғалы жерінің өркендеуі қазақтың ақын – жазушысы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың рухани ерлігімен тікелей байланысты.

Расымен, Қарғалының қойнауы құтты. Осы өлкеден еңбектің жолын баққан диқаннан бастап, білімнің шамын жаққан талай тарланбоз түлеп ұшты. Сол алтын арқау із әлі де үзіле қойған жоқ. Ауыл жастары білім бәйгелері мен спорттық сайыстардан олжалы оралып жүр. Елу жылдық мерейтойға орай сол туған жердің түлеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға айрықша құрмет көрсетіліп, еңбек озаттары марапатталды.

Мерейтойлық шаралар легі айтыс ақындарының сөз сайысына ұласты. Табан астында тауып айту тарландары ұғынықты ұйқаспен ұтқыр әзілдесе отырып, ауыл ажарын да жырға қосты. Шынында Қарғалының қазіргі қалпын көріп, алыстағы ауыл деп айта алмайсыз. Соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, қарашаның қалауы орындалды. Ауыл ішілік көшелердің көркі кірген. Су жаңа жарық бағаналары түніңді күн етеді. Бір сөзбен, тірлікте түлеу бар. Осындай жарты ғасырлық ауылдың жарқын жетістіктерін айтыс ақындары өз дәргейінде жырлады.

Бүгінде Қарғалы ауылдық округінде асыл тұқымды мал шаруашылығын түлетіп отырған бірнеше құрылым бар. Сол кәсіп иелерінің және осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың демеушілігімен ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, жұртшылыққа ас берілді. Ал, аудан өнерпаздары мерекенің мәнін келтіріп, мазмұнды әндер шырқады.

 Ауыл – қазақтың алтын бесігі, күре тамыры. Сол тамырынан ажырамаған қараша қауым осылай мерейтойды мазмұнды өткеріп отыр. Сондай-ақ бұл күні Қарғалының күрең жайлауында көкпар бәсекесі ұйымдастырылып, алыстан ат арытып келген шабандоздар дария бойын дүбірге бөледі.