Бразилияның Флорианополис қаласында өткен классикалық шахматтан Әлем чемпионатында жерлесіміз Алдияр Аңсат жүлдегер атанды. Қызылордалық спортшы ой бәйгесінде швейцар жүйесі бойынша 11 ойын өткізді. Нәтижесінде, 8,5 ұпай жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Жалпы, жарысқа ел құрамасында 20 спортшы барса соның төртеуі жүлдегер атанды.

Айта кетейік, Алдияр интеллектуалды ойынға 4 жасынан бастап қызығушылық танытқан. Он бір жасында «ФИДЕ шебері» атанса, он үш жасында халықаралық дәрежедегі шебер атағын алып, ел абыройын асқақтатып жүр.