#qyzylordatv
Қызылорданың сол жағалауындағы оқушылар сарайында ашық есік күні өтті. Ата-аналар мен балаларға ғимарат ішін түгел аралап, түрлі үйірмелердің жұмысымен танысуға мүмкіндік берілді.
Оқушылар сарайы – балалардың қосымша білім алып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын орталықтың бірі. Қазіргі таңда мұнда 700-ге жуық бала 30-ға тарта үйірмеге қатысып жүр. Үйірмелер көркем-эстетикалық, ақпараттық-технологиялық және жаратылыстану бағыттары бойынша ұйымдастырылған.
МАҒЖАН ҚАРАКӨЗ - ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ // Біздің мекемеміз азғантай уақыт ішінде болса да , оқушыларамыз үлкен жетістікке , қалалық байқауларға, облыстық байқауларға үлкен жетістікке жетуде. Міне бүгін оқушылар сарайында ашық есік күні ұйымдастырылды. Яғни, осы бұрыннан келе жатқан үйірмеде қатысып жатқан оқушының ата-анасын және де осы оқушылар сарайының үйірмесіне жаңадан жазылып жатқан оқушыларды ата-анасын таныстыру мақсатында үйірмелер мен педагог мамандармен жалпы осы мекеменің барлық жұмысымен таныстыру мақсатында ашық есік күні өтуде. Барлық үйірмелер қазіргі таңда тегін.
ДОСАН ЖҮНІСОВ- ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ // Бұнда көптеген үйірмелер бар екен. Мысалға айтатын болсақ қолөнер үйірмесі, шығармашылық үйірмелері , музыкалық аспаптармен жұмыс жасау үйірмесі, хор, би, домбыра үйірмелері бар екен. Бұл балалардың шығармашылық дағдыларын арттыруға үлкен көмегін тигізеді. Сонымен қатар, оқушылар сарайына риза болған жерім тек қана шығарамашылық үйірмелер емес, жаңадан шығып жатқан заманауи ғылым салаларын үйрететін аквапоника, гидропоника, үйірмелері көптеп ашылып жатыр екен.
Балалардың айтуынша, үйірмелер олардың өзін-өзі дамытуына, жаңа орта табуына және болашақ кәсібін таңдауға көмектесіп отыр.
ӘЛИЯ МҰРАТ- ОҚУШЫ // Мен қазіргі таңда телестудия үйірмесіне қатысып жатырмын. Телестудия үйірмесі жалпы камераның алдында ұялмау сөйлеуді, нақты ойды жеткізуді үйретеді. Мен портфолио жинау үшін осындай әртүрлі үйірмелерге қатысып жатырмын. Сол үшін оқушылар сарайы маған пайдалы болады деп ойладым.
Оқушылар сарайының тыныс-тіршілігімен танысқан балақайлардың үйірмеге қатыссам деген қызығушылығы арта түсті. Ашық есік күнінің мақсаты да сол – баланың бос уақытын тиімді өткізіп, білім мен өнерге баулу.