Сыр өңірінің өнер ортасы жаңа шығармашылық топпен толықты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерінен құралған халық аспаптар оркестрі алғаш рет сахнаға шығып, әуезді әнмен көпшілікке керемет кеш сыйлады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіби маман даярлау ісінде елімізде көш басынан көрініп келе жатқан оқу ошағының бірі. Әсіресе, өрелі өнерге баулу жүйелі жолға қойылған. Бүгінде аталмыш университетке қарасты «педагогика және дәстүрлі өнер» институтында 400-ге жуық студент музыкалық бағыт бойынша білім алуда. Жаңадан құрылған халық аспаптар оркестріне осы институттың шыңдалған шәкірттері таңдалып алынған. Олар тұсаукесер кеште түрлі жанрдағы шығармаларды кәсіби түрде орындап, көрерменнің қошеметіне ие болды.
Мәнді махаббатты мөлдіреткен мизам музыка тыңдарманның көңіл сарайынан орын алды. Жұртшылық естелікке елітіп, махаббат бекетіне барып қайтқандай әсерде болды. Сондай-ақ, бұл кеште Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди секілді музыка майталмандарының үздік шығармаларын оркестр сүйемелдеуімен университет студенттері орындалды.
Бұл студенттер оркестрінің алғашқы шығармашылық кеші. Сондықтан, жастық жалынмен жүйелі дайындалғандары көрініп-ақ тұр. Жаңа ұжымда әзге 40-қа жуық өнерпаз бар. Алдағы уақытта олардың қатары әлі де толыға түспек. Осылайша теориялық білімді практикаға ұштастырған жастар репертуарларын байытып, үлкен сахналарда өнер көрсетуді көздеп отыр.
Бүгінде оқу ордасында 10 мыңнан астам студент білім алса, соның 50 пайызға жуығы мемлекеттік білім гранты бойынша оқиды. Әсіресе осы өнер мамандықтары бойынша талантты жастарды қолдауға айрықша назар аударылып келеді. Келелі кешке күмбір күй көрік беріп, оркестр рухты шығармаларды орындады.