«Ұшқыр ойлар». Осындай атаумен Байқоңыр қаласында республикалық жас ақындар айтысы өтті. Елдік пен өрлік, теңдік пен тұрақтылық өрнектелген жыр бәйгесінде он ақын бақ сынады.
Астана, Ақтөбе, Атырау, Түркістан,Шымкент қалалары мен Сырдың жас ақындары жұлдызды қалашықта бас қосып, тыңдарманды қуантты. Себебі Байқоңырда соңғы он жылда аламан айтыс болмапты. Ұлттық өнерге сусап қалған ағайынды өнерлі жастардың құлшынысы, тапқырлығы, жеңіске деген ұмытылысы рухани серпілтті.
СЕРІК ЫДЫРЫСОВ - ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ «арада он шақты жыл үзіліс болып тоқтап қалған, осы айтыс қайтадан тірілтіп жатыр. Байқоңырдың ел-жұрты айтыстың осы түрін сағынып қалған екен. Халықтың бәрі осы айтысты қызықтап жатыр».
Сахнада алғаш болып сөз қағыстырған жұп - Шымкент қаласынан келген Аян Ниязбеков пен қармақшылық Сырым Әділбек. Бірі інілік ізетінен жаңылмай әдемі әзілімен қағытса, екіншісі ағалық ақылынан айнымады. Сөз зергерлері қасиетті Қармақшы топырағы аумағында орналасқан жұлдызды қалашықтың өткені мен бүгініне тоқталды.
Бес жұптың арасынан озық өнерімен дараланған және бірі - аралдық Бексұлтан Орынбасаров пен атыраулық Фариза Жетпісбай. Қос ақын сахна төрінде қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетті.
ФАРИЗА ЖЕТПІСБАЙ - АЙТЫСКЕР АҚЫН
«мен қаруым мен домбырамды қосқан ақынмын деп айтамын. Айтысқа жалпы кішкентай кезімнен бері шығамын. Ал қазір әскери саладамын. Бұның бәрі топырақтан деп ойлаймын. Небір баты қыз-жігіттер біздің батыстың топырағынан шыққан. Мұным жерге бөлінушілік емес, топырағымның киелі екенін жеткізу. Сол үшін осы әскери сала мен ақындықты қатар алып жүрмін деп ойлаймын».
3 сағатқа созылған айтыста кіл жүйріктен шын жүйрікті анықтау оңайға соқпады. Айтыс қортындысында үшінші орын шымкенттік Аян Ниязбек пен қармақшылық Сырым Әділбекке бұйырса, екінші орынды ақтөбелік ақын Нұрбол Жауынбаев еншіледі. Бірінші орын атыраулық ару Фариза Жетпісбайға бұйырды. Ал айтыстың бас жүлдесін Сырдың дарабозы Бексұлтан Орынбасаров қанжығалады.
БЕКСҰЛТАН ОРЫНБАСАРОВ - АЙТЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
«Бүгінгі айтыста қарсыласым Атыраудан келген Фариза Жетпісбай деген ақын қыз болды. Халықтың да, қазының да көңілінен шығып осындай жетістікке жетіп жатырмыз. Мінекей 10 жылдан кейін «Ұшқыр ойлар» айтыс қайта Байқоңырдың төрінен жаңғырып жатыр. Барша ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Осы айтыс жалғасын таба берсін».
Бұл айтысты жұлдызды қалашық тұрғындары асыға күткенін айтады.
ЖАҚСЫЛЫҚ ҚЫПШАҚБАЙҰЛЫ - АҚАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Сыр елі - жыр елі дегенмен Байқоңыр бұндай істерден тыстау қалатын. Сондықтан осы нұр үстіне нұр болсын. Алла балаларға қуат берсін».
ГҮЛНАР ТҰРМАХАНОВА - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «мына жас ақындар сөздерінің маржанын төгіп, керемет өнер көрсетті. Әділ өтті дейміз. Шынымен айтылып жатыр ғой біраз жылдан бері ақындар айтысы болмады деп. Иә, әншілердің бәрі келіп концерт қойып жатыр, бірақ ақындар келмейтін. Бүгін екі елдің достықтарын айтты. Айтыс жақсы өтті».
Міне осылайша кестелі сөз, орамды ойларымен көрермен жүрегіне жол тапқан жас ақындар ұлттық өнердің ұрпаққа берері мол екенін ұғындырды.