Жылу пештері мен газ аспаптары тұрмысымыздың ажырамас бөлігі екені анық. Дей тұрғанмен, оларды дұрыс қолданбай, немқұрайлық танытсақ, өрт, жарылыс, тіптен газбен улану оқиғалары орын алуы мүмкін. Осы орайда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастамасымен тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Кезекті профилактикалық шара Белкөл кентінде ұйымдастырылды.
Қала іргесіндегі Белкөл кентінде 900-ге жуық тұрғын үй бар. Олардың барлығы табиғи газға қосылған. Дегенмен, ескі пәтерлердің бірқатары әлі де қатты отын тұтынып, жылу пештерін пайдаланып отыр. Шыны керек, мұндай тұрғын үйлерде қарапайым қауіпсіздік талаптары сақтала бермейді. Соңғы деректерге жүгінсек, жазатайым жағдайлардың көбі жылу мұржаларын дер кезінде тазаламау салдарынан орын алған. Сондықтан, мамандар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жіті түсіндіріп, тілсіз жаудан дер кезінде хабар беретін дабылдағыш құрылғылар орнатты.
Жыл басынан бері қала аумағында 149 өрт оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 76 төтенше жағдай жеке тұрғын үйлерде орын алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғалары біршама азайыпты. Дегенмен, еркінситін кез емес, қытымыр қыс алда. Күні кеше Астана қаласында тұрғын үйден өрт шығып, 4 жеткіншек қаза тапты. Осындай орны толмас қайғыны ауыздықтау үшін профилактикалық шаралардың маңызы зор.
Жалпы, түсіндірме жұмыстары кезінде 20-дан астам үйге электромагнитті қақпағы бар дабылдағыш құрылғы орнатылып, арнайы үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ, техникалық талаптарға сай келмейтін жылу пештері мен газ жабдықтарын тез арада ауыстыруға кеңес берілді.