Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі Қызылордада өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша хабарлама жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Осы жылдың 10 айының қорытындысымен облыс дамуында оң тенденция сақталып келеді. Макрокөрсеткіштер бойынша Сыр өңірі көш бастап тұр. Аймақ бюджеті айтарлықтай өсіп, 744 млрд теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісі бойынша да өсім бар. Кен өнеркәсібі облыстың дамуында айтарлықтай орын алатыны ақиқат, осы бағытта геологиялық барлау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, жыл аяғында алғашқы нәтижесі белгілі болмақ. Кәсіпкерліктің аймақ экономикасындағы үлесі 21%-ға жетті.
Облыс әкімі өз хабарламасында сондай-ақ, жұмыспен қамту, энергетика, коммуналдық шаруашылық саласы бойынша да, инфрақұрылым, құрылыс бағытын да қамтып өтті. Журналистер тарапынан сауалдар аз болмады, бір тілші кем дегенде екі сұрақтан қойды, одан бөлек, республикалық БАҚ өкілдері зум арқылы да өз сауалдарын жолдап, жауап алды. Брифинг туралы толығырақ келесі шығарылымда тарқатып айтатын боламыз.